Президент: ҚР мен РФ ауыл шаруашылығы министрліктері бірлескен жұмысты күшейтуі тиіс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Ресейдің ауыл шаруашылығы министрліктері бір-бірімен белсенді араласа жұмыс жүргізуі тиіс. Ресейдің Омбы қаласында өтіп жатқан «Шекара маңы ынтымақтастығын дамытудың өзекті мәселелері» атты Қазақстан мен Ресей арасындағы XVI өңіраралық ынтымақтастық форумында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екі елдің ауыл шаруашылығы министрліктері болжамды балансты айқындау мақсатында бір-бірімен белсенді түрде араласуы керек. Кез келген елдің экономикасының аса маңызды салаларының бірі – ауыл шаруашылығы екені құпия емес. Бұл салаға бақылау органдарының назары ерекше ауатыны түсінікті. Бірақ, ол назар шектен шығып кетпеуі керек. Сол себепті әкімшілік кедергілерді еңсеріп, туындаған мәселелерді шешуде жылдамдықты қамтамасыз ету үшін тиісті министрліктер мен ведомстволар күнделікті байланыста болуы керек», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев туындаған мәселелер бойынша тиісті ведомстволар өзара жылдам әрекет ететіндей нақты алгоритмдерді әзірлеуді ұсынды. Президенттің айтуынша, ветеринария, фитосанитария және карантиндік өнімдерді бақылау саласындағы бірлескен жұмыс орталық мемлекеттік орган мен өңірлік бөлімшелер деңгейінде жүргізілуі тиіс.

«Өзара тәжірибе алмасу жағынан да біріге жұмыстарды күшейту керек. Ғылыми зерттеулердің үздік нәтижелерін алмасқан абзал. Меніңше, екі елдің жетекші білім беру институттарының базасында біліктілігін арттыру бойынша бірлескен бағдарламасын әзірлеу туралы да ойланудың маңызы өте зор. Құқық бойынша қолдануға болатын амал-әдістерді үйлестіру – ұлттық бақылау жүйелеріне, біздің мамандардың біліктілігіне деген сенімлі күшейтіп, тұтынушылардың қауіпсіздігін арттырады. Серіктестіктің келешегі зор салалардың бірі – ауыл шаруашылығы шикізатын бірлесе жіті өңдеу саласы болмақ. Бұл ретте Қытай нарығында жұмыс істеу бойынша Қазақстан мен Ресейдің тәжірибесі бар. Менің ойымша, бұл салада да айтарлықтай табысқа жетеміз», - деді ол.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін Қазақстан Президентінің өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Омбыға ұшып келгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар