Президент көтерген басымдықты бағыттарға әрбір азамат өз үлесін қосуы керек - депутат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлықтау рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген басымдықты бағыттарда ең маңызды мәселелер қамтылды. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлықтау рәсімі кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өте маңызды ұсыныстарды жасады. Шынын айтқанда, халықтың табысын арттыру әлеуметтік мәселеде өзіндік орнын алып отырған елеулі шаруа. Біріншіден, бұл бағытта экономикамыздың әр саласын дамыта отырып, біз тұрақты жұмыс орындарын қамтамасыз етуіміз керек. Ал енді табыстың ішінде де әрбір жұмыстың кәсіптік деңгейі болуы қажет. Кәсіптік жоғары деңгейде болса, онда сол жұмыстың табыстылығы арта түседі. Менің ойымша, Үкімет бұл бағытқа ерекше екпін қояды деп есептеймін», - деді О. Өксікбаев.

Бұдан бөлек депутат Президенттің 1 қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасын дайындау тапсырмасына қатысты пікір білдірді.

«Сыбайлас жемқорлыққа барынша тосқауыл қою, оны тежеу - біздің үлкен міндетіміз. Сондықтан бұл процеске әр азамат араласуы керек, бұл күресте әрбір адамның қосқан үлесімен елеулі нәтижеге қол жеткізе аламыз. Мұнымен қоса, жемқорлықтың алдын алу үшін мемлекеттік салада қызмет етіп жүргендерді әлеуметтік қорғау мәселесін де назарға алуға тиістіміз. Олар ертеңгі күніне сенімді болса, мемлекеттік қызметшілер заң бұзушылыққа немесе жемқорлыққа бармайды. Осы орайда Президенттің бастамалары аясында тиісті қадамдар ескеріледі деп ойлаймын», - деді Омархан Өксікбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 12 маусым күні елордадағы Тәуелсіздік сарайындағы ұлықтау рәсімінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында әлеуметтік-экономикалық дамудың нақты міндеттері айқындалатынын мәлім етті.

«Келесі маңызды бағыттарға баса мән беруіміз керек. Бірінші бағыт - халықтың табысын арттыру. Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Ең алдымен, өсім бізге не үшін қажет екенін терең түсінуіміз керек. Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұтуы үшін экономикалық өсім болуы тиіс. Таяу арада Үкіметтің кеңейтілген отырысында біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы нақты міндеттерді айқындаймыз», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар