Президент көмекшісі мен Білім министрі ауыл мектебінің құрылысын қаржыландыру мәселесін шешіп берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева мен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ақмола облысының Целиноград ауданы Қажымұқан ауылындағы №4 мектепке барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін ауыл тұрғыны, журналист, қоғам белсендісі Азамат Кеңесұлы Facebook-те 150 балаға арналған мектепте 600 баланың білім алып жатқанын айтып, шағымданған болатын.

«Мектеп ішінің қаншалықты тар екенін өзіңіз осы цифрлық айырмашылықтан байқап отырған шығарсыз. Жаңа оқу жылында бала саны тағы да арта түспек. Бірнеше жүз бала онсыз да қала мектептеріне қатынап оқиды. Мектеп 9 сыныптық. 10, 11-ге көшкен балаларымыз тағы қала жағалап жүреді. Жауын-шашын, қар, боран, дауылды күндері балаларын қалаға оқуға жіберген ата-аналар жандарын шүберекке түйіп отырады. Бұл қашанғы жалғаса бермек?!», - деп жазды ол.

Өз сөзінде журналист Президенттің «үш ауысымдық» мектептерді жою туралы тапсырма бергенін, ауылдағы жаңа мектеп құрылысының тұралап қалғанын атап өтті.

«Қазір ауылда ресми 600-дей бала мектепке барып жүргеніне қарамастан мемлекет былтыр 300 орындық мектеп құрылысын бастады. Хош! Жоқтан жақсы деп халық оған да көнді. Бірақ, оның өзі сағызша созылып, құрылыс жертөленің төңірегінен әрі аса алмай жүр. Бәріне кінәлі - қаржыландыру. Мектеп құрылысы ҚР Үкіметінен (БҒМ) қаржыландырылғандықтан облыс әкімшілігі де қауқарсыздық танытып отыр. Жоспар бойынша мектеп биыл желтоқсан айында пайдалануға берілуі тиіс. Бірақ, мердігер компания қаржы толық жетпейді деп асығар емес. Сондықтан Сізден мектеп құрылысына қажет қаражатты биыл толық беруге ықпал етуіңізді сұраймыз. Біздің балаларды осынау қиындықтан дереу құтқаруға көмектесуіңізді сұраймыз, әрі талап етеміз! Егер біздің сөзіміздің шын екеніне күмәндансаңыз күш атасы - Қажымұқан ауылындағы мектептің қазіргі жағдайын көзіңізбен көруге шақырамыз!», - деді А. Кеңесұлы.

Өз жазбасында журналист Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовты, оның кеңесшісі Ерболат Мұхамеджанды, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықбаевты және ҚР Президентінің көмекшісі Аида Балаеваны белгіледі.

Келесі күні Аида Балаева мен Асхат Аймағамбетов Қажымұқан ауылына арнайы барып, жаңа мектеп құрылысын тексерді.

«Сөзден іске! ҚР Президенттің жаңа көмекшісі Аида Балаева халықтың арыз-шағымын анда-мында жолдауды доғарып, мәселенің нақты шешілуін қадағалайтынын мәлімдеп еді. Бүгін Аида Ғалымқызы еліміздің бас ұстазын ілестіре Қажымұқан ауылындағы мектеп құрылысына қатысты қалыптасқан ахуалды көзбен көрді. Көріп қана қоймай, мәселеге нүкте қойып кетті. Құрылысқа қажет қаражат биыл толық бөлінетін болды. Бұл елімізде халықпен кері байланыстың басталғанын аңғартады», - деп жазды Азамат Кеңесұлы парақшасында.

Өз сөзінде ауыл тұрғыны халықтың өтінішімен екі лауазымды тұлғаның ауылға арнайы келуінің басқа шенділер үшін зор сабақ болғанын атап өтті.

«Сөйтіп, көмекші мен министр бір қадаммен мың адамның тағдырын бір сәтте шешіп кетті. Бұл – үлкен өзгерістің басы. Және Президент көмекшісі азаматтардың арыз-шағым, өтініштерін ұсақ-үлкен деп қарамай, барлығына мән беретінін айтып отыр. Керек десе барлық ауыл-аймаққа баруға дайын. Қысқасы, билік өкілдері де, үкімет те іс жүзінде жаңа қоғамға қадам басты. Біз де қалыс қалмайық! Ел жанашырлары арта берсін!», - дейді А. Кеңесұлы.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысының Жарлығымен Аида Балаева Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар