Президент Қазақстанның әрқашан превентивті дипломатияны жақтайтынын айтты

None
None
СОЧИ. ҚазАқпарат – Қазақстан аймақтық дау-жанжалдарды реттеуде адал бітімгерлікті дұрыс көреді және превентивті дипломатия мен қарусыздандырудың жүйелі жақтаушысы болып қала береді. Бұл туралы Сочиде өтіп жатқан «Валдай» Халықаралық пікірталас клубының жылсайынғы XVI отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан аймақтық дау-жанжалдарды реттеуде адал бітімгерлікті дұрыс көреді және превентивті дипломатия мен қарусыздандырудың жүйелі жақтаушысы болып қала береді. Мысалы, Астана процесі аясында сирияаралық келіссөздің 13 раунды өтті. Онда Ресей тарапының жағымды рөлі айқын көрініп тұр», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

«Сириялық сюжет - Таяу Шығыста қалыптасқан аса ауыр жағдайдың бір элементі. Сондықтан Қазақстанның халықаралық ресурстарын ескере отырып, БҰҰ Бас ассамблеясының мінберінен аталған аймақ үшін өміршең шешімдерді табуға бағытталған күш-жігерді қолдауға дайын екенімді жеткіздім», - дейді Президент.

«Біз Ауғанстанға жіті көңіл бөліп, тиісті көмекті көрсетіп отырмыз. Соңғы айларда ондағы жағдай, өкінішке қарай, айтарлықтай қиындап кетті. Барлық мүдделі тараптардың көмегімен ауғанаралық процесс бұл елге көптен күткен бейбіт өмірді ала келеді деген үміттеміз», - деп атап өтті Қ. Тоқаев.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сочиде өтіп жатқан «Валдай» Халықаралық пікірталас клубының жылсайынғы XVI отырысына қатысты. «Әлемдік құрылым: Шығыстан көзқарас» тақырыбымен өтіп жатқан «Валдай» Халықаралық пікірталас клубының жылсайынғы XVI отырысына Қазақстан Президентімен бірге Иордания королі Абдалла II, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев және Филиппин Президенті Родриго Дутерте қатысып жатыр.

Соңғы жаңалықтар