Президент Қазақстанның 2035 жылға дейінгі энергетикалық балансын әзірлеуді тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Қазақстан Республикасының 2035 жылға дейінгі энергетикалық балансын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елді ары қарай дамытуда маңызды тетіктердің бірі – электр энергиясы жүйесінің үзіліссіз әрі сенімді жұмысы. Кейінгі кезде көрші елдердің электр жүйелеріне деген тарихи тәуелділіктің салдарынан оңтүстік өңірлерді электрмен қамтуда мәселелер пайда бола бастады. Осы жылдың 10 қаңтарында Батыс Қазақстанда тіркелген апаттық оқиға аталған аймақтың электр жүйесіндегі кемшіліктерді айқындап берді. Мен Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына аз уақытта электр энергиясы жүйесінің оңтүстік аумағында жұмысты күшейтуді, сонымен қатар елдің батыс аймақтарымен транзиттік байланысты күшейту ісін тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Президенттің айтуынша, алдағы уақытта елдің батысы мен оңтүстігінің электр жүйесін Қазақстанның бірыңғай электр энергиясы жүйесіне қосу керек.

«2027 жылға қарай элекр қуатының жетіспеушілігін ескере отырып, Үкіметке Қазақстан Республикасының 2035 жылға дейінгі энергетикалық балансын әзірлеуді тапсырамын», - деді Президент.


Соңғы жаңалықтар