Президент қазақстандықтарды Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша референдумға қатысуға шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазіргі реформаның ерекшелігі – Президенттің өкілеттігін күшейту емес, мемлекетті жетілдіру, жаңғырту және нығайту. Бұл туралы бүгін орталық телеарналар арқылы халыққа бейнеүндеу жасаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз бәріміз бір ел болып Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құрамыз. Әрбір азаматтың құқығы қорғалатын мемлекет боламыз. Бәріне бірдей мүмкіндік береміз. Әркім қарым-қабілетіне сай қоғамнан өз орнын иеленеді. Халықтың ой-санасы жаңғырып, өмір салты өзгереді. Біз мемлекеттік жүйені жетілдіріп, қоғам мен биліктің тиімді диалогын орнатамыз. Осылайша, Екінші Республиканы қалыптастырамыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пайымынша, конституциялық реформа мұның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қажет.

«Қазіргі реформаның ерекшелігі – Президенттің өкілеттігін күшейту емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайту. Мен баршаңызды елдің ертеңі, ұрпақтың келешегі үшін референдумға қатысуға шақырамын! Ұлт мүддесіне сай бастамаларды қолдайсыздар деп сенемін! Еліміздің жарқын болашағы өз қолымызда! Бірге болайық! Береке-бірлігімізді нығайтайық!», - деді ҚР Президенті.

Айта кетейік, бүгін Мәжіліс депутаттары «Республикалық референдум туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» ҚР Конституциялық заң жобасына Сенат енгізген толықтырумен келісті.

Сенаторлар енгізген толықтыру бойынша «Референдум туралы» Заңнан Елбасы туралы норма алынып тасталды.

Сонымен қатар бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.

Мемлекет басшысының Конституциялық реформа бойынша халыққа арнаған бейнеүндеуінің толық мәтіні.


Соңғы жаңалықтар