Президент Қазақстанда бизнес жүргізудің бұлжымас шарттарын атады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау салтанатында сөйлеген сөзінде Қазақстанда бизнес жүргізудің бұлжымас шарттарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кәсіпкерлерді қорғауда Бас прокуратураға, «Атамекен палатасына» және Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге айрықша рөл беріліп отыр. Өз кезегінде бизнес те парасатты жұмыс істеп, заңнаманы мүлтіксіз сақтауы керек. Бұл өте маңызды», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бизнестің парасаты мынандай ұғымдармен тығыз байланысты.

«Нарықтық бәсекелестік, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, салық адалдығы біздің елде бизнес жүргізудің ажырамас шартына айналуы керек», - деді Президент.

Айта кетейік, осынау салтанатты шара аясында үздік деп танылғандарға «Қазақстанның үздік тауары», «Qazaqstan Project Management Awards -2022», «ТМД бойынша сапа саласындағы 2021 жылдың сыйлығы» сияқты кәсіпкерлік бағыттағы марапаттар да табысталды.

Сондай-ақ, «АруАна», «Бизнес Кемелдiлiк», «Іскер», «Ұлы дала елі» сыйлықтарының жеңімпаздары да марапатталды.

Биыл «Алтын сапа» сыйлығына 281 үміткер өтінім тапсырған. Сарапшылар соның ішінен ірі, орта және шағын бизнес бойынша 14 бизнес нысанын 4 аталым негізінде іріктеп алды.


Соңғы жаңалықтар