Президент: Қазақстан көлік-транзиттік маршруттарды әртараптандыруға 20 млрд доллар бағыттайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан тарапы Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы көлік-транзиттік маршруттарды әртараптандыруға мүдделі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – ҚХР» саммитінде осындай ой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көлік-транзиттік маршруттарды әртараптандыру интеграцияланған логистикалық шешімдерді енгізу қажет. Оның ішінде жаңа құрлықтық дәліздерді іске қосу маңызды. Қазақстан өз тарапынан 2025 жылға дейін бұл мақсаттарға 20 млрд доллар бағыттауды жоспарлап отыр. Бұл Қытайдан бағыт алатын транзиттік ағынның арнасын кеңейтіп, өңірдегі елдердің қауырт өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан басшысы аталған істен халықаралық институттар да зор әлеует көріп отырғанын еске салды.

«Жалпы, Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, Орталық Азияның көлік коммуникациясын дамыту арқылы 5 мемлекеттің жалпы ішкі өнімін 15 пайыз деңгейінде өсіруге мүмкіндік бар. Бұл біз іске қосуға тиіс орасан резерв деген сөз. Біз аталған бағыттағы кез келген ақылға қонымды ұсынысты қолдауға дайынбыз» - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – ҚХР» саммитіне қатысуда.

Саммитке ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жаппаров, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон бейнеконференция режимінде қатысып отыр.


Соңғы жаңалықтар