Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «BayWa AG» компаниясының басшысымен кездесті

None
None
МЮНХЕН. ҚазАқпарат – Мюнхен қаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «BayWa AG» компаниясының басқарма төрағасы Клаус Лутцпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысуға арнайы келгенін, сондай-ақ бірқатар компаниялар өкілдерімен кездесуге ниетті екенін атап өтті.

Өз кезегінде Клаус Лутц өзі басшылық етіп отырған компанияның негізгі жұмысымен таныстырды. Осы орайда ол қазақстандық бизнеспен терең ынтымақтастық орнатуға мүдделі екендіктерін жеткізді.

Айта кетейік, «BayWa AG» Еуропадағы ең ірі компаниялардың бірі болып саналады. Оның жұмысының негізгі бағыттары ауыл шаруашылығын, энергетиканы, құрылыс материалдарын, инновациялар және фермерлік шаруашылықта цифрландыруды қамтиды.

«BayWa AG» холдингі әлемнің 14 елінде қызмет етуде. 1923 жылы құрылған компанияның бас кеңсесі Мюнхенде орналасқан.

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласында компания тыңайтқыштарды, өсімдікті қорғау заттарын, тұқым және жем-шөп өнімдерін саудалайды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жабдықтарын өткізеді. BayWa танымал брендтер бойынша ауыл шаруашылығы техникасының саудасында эксклюзивті құқыққа ие.

Компания осы саладағы нысандарды жобалау мен құрылысын жүргізу жұмыстарын қамтамасыз етуде.

Энергетика саласында компания мазут, эко-энергия өнімдерін жеткізумен айналысады. Германия мен Австрия аумағында жанар-жағармай құю стансалары желілерін құрған. Жаңаратын энергия көздері саласында күн, жел және геотермалды энергия жобаларын өндіруші әрі басқарушы ретінде танымал.

Ал құрылыс саласында нысандарды салу, жөндеу әрі жаңарту бойынша қызметтер ұсынады.

2018 жылы «BayWa AG» компаниясында ақша айналымы 16,6 млрд еуроны құрады. Әлем бойынша 260 еншілес компанияларда 17 мыңға жуық адам қызмет етуде.

Белгілі болғандай, компания ауыл шаруашылығы мен энергетика әрі құрылыс салаларында өз өкілдіктерін, сервис-орталықтарын ашу арқылы Орталық Азия елдерінің нарығына кіруге мүдделі болып отыр. Мұнымен қоса, олар Назарбаев Университет базасында Қазақстанда агроинновациялық зертхананы құру мүмкіндігін пысықтауда.


Соңғы жаңалықтар