Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы оқиғаға байланысты Түркістан облысына барады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласында болған оқиғамен танысу үшін Түркістан облысына өзі ұшып шығады. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысымен бірге Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек және құзырлы мемлекеттік органдардың басшылары да барады.

Президент түске дейін Қорғаныс, Ішкі істер министрлеріне және Түркістан облысының әкіміне Арыстағы жарылыстың зардаптарын жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және жарылыстың себептерін анықтауды тапсырған болатын», - деді Б.Уәли.

«Төтенше жағдайлардың зардаптарын жою бойынша атқарылған жұмыспен танысу үшін және тұрғындардың қауіпсіздігі мен оларға қажетті көмек көрсету бойынша нақты шаралардың қабылдануын қамтамасыз ету үшін Арыс қаласына ұшып шықтым», - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де.

Еске салайық, бүгін таңертең Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлім қоймасында жарылыс болды. Бірнеше өңірдің Төтенше жағдайлар департаменті шұғыл желілер құрды. Көп ұзамай облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев бастаған арнайы комиссия Арыстағы әскери бөлімге аттанды.Жағдайдың ауқымымен танысқан өңір әкімі Арыс тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылданғанын мәлім етті. ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті тұрғындар қайда және қалай эвакуацияланып жатқанын хабарлады.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті органдарға Арыстағы төтенше жағдайдың зардаптарын жою туралы тапсырма берді.

ҚР Қорғаныс министрлігі ресми ақпарат таратып, түске дейінгі уақыттағы жағдай бойынша зардап шеккендер жоқтығын айтты. Кейін хабарланғандай, оқиға орнына Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев ұшып шықты.

Оқиға салдарынан зардап шеккен 11 адам Шымкент ауруханасына жеткізілді.

Түркістан облысының ауруханаларына 31 адам түсті.

Осы уақытта Арыс қаласында өтіп жатқан брифингте мәлім болғандай, оқиға салдарынан бір адам қаза болды.

Соңғы жаңалықтар