Президент кәсіпорындардағы өлім-жітім жайында: Қоғам әділетті және кідіріссіз іс-шараларды күтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Осы жылдың 11 айында елімізде өндіріс орындарында 157 адам мерт болды. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өндірістік жарақаттану шынайы проблемаға айналып отыр. Осы жылдың 11 айында өндірісте 1 124 жұмысшы зардап шегіп, оның 157-і мерт болды. Жекелеген кәсіпорындарда адам өлім-жітімі бар апаттар жүйелі сипатқа ие болып отыр. Сөз «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жайында да болып отыр», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің дерегінше, аталған кәсіпорында 2006 жылдан бері 20-дан астам апаттан, 100-ден астам адам мерт болған.

«Осы жылдың өзінде ғана 14 адам, оның ішінде өткен аптада ғана 1 адам қаза тапты. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың есебіне сәйкес, компания еңбек, экология және салық заңнамаларын бұзып отыр, инвестициялық міндеттемелерін орындамайды. Қоғам әділетті және кідіріссіз іс-шараларды күтеді. Бақылау тікелей Премьер-Министрге тиесілі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар