Президент Қарағандыдағы күлтөбе құрылысы туралы: Тұрғындардың наразылығы орынды

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы сапары кезінде қала аумағында жоспарланған күлтөбе құрылысы туралы пайымын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Қала қарқынды дамып келеді. Мұнда тұрғын үйлердің, әлеуметтік-мәдени нысандардың, коммерциялық алаңдардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қарағандыға одан әрі де орнықты даму үшін қосымша жылу көздері қажет.

Осыған байланысты Үкіметке Қарағанды қаласының үшінші жылу құбырының құрылысын аяқтауға қажетті қаражат бөлуді тапсырамын. Менің білуімше, қарағандылықтар қала шегінде жергілікті жылу-электр орталығына қажетті жаңа күлтөбе салуға қарсы. Менің ойымша, тұрғындардың наразылығы өте орынды. Сондықтан облыс әкімдігі бұл жобаны жұртшылықтың пікірін ескере отырып іске асыруы керек», -деді Президент.

Мемлекет басшысының пайымынша, Қарағанды қаласы елдің индустриалдық локомотиві болғандықтан ғылым-білім мен мәдениеттің гүлденуіне қолайлы қала болуға тиіс.

«Қаланы дамытудың бас жоспары 2007 жылдан бері жаңартылмаған. Оны урбанистердің озық әзірлемелері мен жұртшылықтың пікірін ескере отырып, кешенді түрде жаңарту қажет.

Жалпы, азаматтарды шешім қабылдау процесіне кеңінен тартпаса, қала мен өңірдің орнықты дамуы мүмкін емес», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар