Президент қағаз өнімдерін шығаратын фабрикаға барды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «РимҚазАгро» қағаз өнімдерін шығаратын фабриканың жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Өндіріс орнын аралап көрген Қасым-Жомарт Тоқаевқа фабрика жұмысының алғашқы нәтижесі туралы баяндалды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жобаны субсидиялауға қаржы бөлінген. Қағаз өнімдері фабрикасы – көпсалалы «Радуга» компаниясына қарасты кәсіпорындардың бірі ғана. Қазіргі кезде өңір халқын жыл он екі ай көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін жылыжай құрылысы жүріп жатыр.

Президент елімізде «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға және халық тұтынатын тауарлар түрлерін кеңейтуге ерекше мән берілетінін атап өтіп, кәсіпорын басшылығына сәттілік тіледі.

Айта кетсек, «РимҚазАгро» кәсіпорнында шамамен 1,7 мың адам жұмыс істейді. Кәсіпорын 37,7 гектар аумақта халық тұтынатын өнім өндірумен айналысады. Былтыр жалпы сомасы 7,6 миллиард теңге болатын 3,8 мың тонна өнім өндірген. Өнім түрі 730-дан астам, олар Қазақстанның барлық өңірінде сатылады және Ресейге экспортталады.

Мемлекеттің қолдауымен 2018 жылы тұрақтандыру қорының өнімдері сақталатын көкөніс қоймасы бар көтерме-тарату орталығы салынды. Қуаты жылына 5 мың тонна қағаз өнімдерін шығаратын жаңа өндіріс іске қосылды. Инвестиция көлемі 2,5 миллиард теңгеден асты. Зауытта 80 адам жұмыс істейді. Картон өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр. Инвестиция көлемі - 7 миллиард теңге, өндіріс қуаты - жылына 10 мың тонна. 100 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылмақ.




Соңғы жаңалықтар