Президент кадр резервіне енген жастар қандай лауазымдарға тағайындалған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында Президенттік жастар кадр резервін құру қажеттігін атап өткен болатын. Президент бұл резервтің жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналуы тиіс екенін айтты. Содан бері осы бағытта біршама жұмыс атқарылды, Президент жастар кадр резерві шын мәнінде мемлекеттік қызмет жүйесінің маңызды реформаларының біріне айналды. Бүгін, Мемлекеттік қызметшілер күніне орай кадр резервінде қатаң іріктеуден өткен дарынды жастардың қол жеткізген жетістіктері жайында аз-кем әңгіме өрбітуді жөн санаған едік.

Айта кетейік, 2019 жылы ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы Президенттік кадр резерві құрылатынын мәлімдеді.

Ал сол жылдың тамыз айында Қ.Тоқаевтың Жарлығымен ҚР Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия құрылды.

Қыркүйек айында Президенттің жастар кадр резервіне өтінім қабылдау басталды.

«Президент кадр резервінде болу – талапты жастар үшін таптырмас мүмкіндік екені анық. Алайда оны билікке жетудің емес, халыққа қызмет етудің төте жолы деп білу керек. Шын мәнінде ең үлкен мәртебе де, абырой да осында. Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Сіздер – еркін елде туып-өскен рухы азат, санасы ашық азаматсыздар. Қазақстанды одан әрі өркендету – өздеріңізге жүктелетін үлкен жауапкершілік. Осы орайда өскелең ұрпақ ел үмітін ақтайды деп сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев биыл маусым айындағы Президент жастар кадр резерві форумына аралған құттықтау хатында.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мәліметінше, қазіргі кезде резервке енген 300 адамның арасында 181-і қызметке орналасқан.

Орталық меморгандарға 92-сі, жергілікті атқарушы органға – 40, ұлттық компанияларға – 30, басқа да жеке ұйымдарға 19-ы тағайындалған.

Бұл тұрғыда саяси лауазымдарда 17 адам қызмет етіп жүрсе, «А» корпусы лауазымында – 5, Парламент Мәжілісі депутаты – 2, облыстық мәслихат депутаты қызметін 1 резервші атқарып жүр.

Айта кетейік, Президент жастар кадр резервінің өкілдері бірінші басшылардың штаттан тыс кеңесшілері лауазымына да тағайындалады.

Қазіргі кезде аталған қызметке кадрлық резервке іріктелген 3 азамат Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде, сондай-ақ бір адам Есеп комитетінде қызметте.

Саяси лауазымдағы 17 азамат:

1. Азамат Бейісбеков – Президент Әкімшілігі Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімі меңгерушісінің орынбасары;

2. Дархан Сапанов - Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы;

3. Бауыржан Омарбеков - Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы;

4. Нұрлан Жақсымбетов – Президент Әкімшілігі Мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісінің орынбасары;

5. Максим Споткай - Сенат аппарат басшысының орынбасары;

6. Әркен Өтенов - Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары;

7. Асхат Оралов - Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі;

8. Әлібек Қуантыров - ҚР Ұлттық экономика вице-министрі;

9. Руслан Хамбаров - Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары;

10. Ермек Кенжеханұлы - Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары;

11. Айдар Нұралиев – Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары;

12. Сәкен Шаяхметов - Павлодар облысы әкімінің орынбасары;

13. Айбек Саттыбаев - Шымкент қаласы әкімінің орынбасары;

14. Азамат Қалдыбеков - Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі;

15. Бақытжан Ақжаров - Алматы қаласы Түрксіб ауданының әкімі;

16. Дәулет Кәрібек – Жамбыл облысы әкімінің орынбасары;

17. Ержан Абылханов – Атырау облысы әкімінің орынбасары (қызметінен босатылды).

«А» корпусы өкілдері 5 қызметте:

1. Ернат Мұхамадиев - ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің аппарат басшысы;

2. Дастан Рыспеков - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы;

3. Қайрат Райымқұлов - Ақтөбе облысы әкімі аппаратының басшысы;

4. Абзал Бейсенбекұлы - ҚР Қаржы министрлігінің аппарат басшысы;

5. Расул Медетов - Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы.

Айта кетейік, көп жағдайда шамадан тыс жүктеменің салдарынан мемлекеттік органдарға тың идеялар мен міндеттерді шешуде ұтымды қадамдар жетіспей жатады.

Бұл тұрғыда кадр резервіндегі жастардың білімі назардан тыс қалмады.

Осы орайда мемлекеттік органдар жанындағы консультативтік-кеңес органдарының құрамына резервтің 35 мүшесі енді. Оның ішінде:

- 18-і директорлар кеңесінің мүшесі (Білім және ғылым министрлігі);

- 4-і жұмыс топтарының мүшесі (Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі);

- 2 резервист ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі;

- 9 резервист қоғамдық кеңес мүшелері (ведомстволар мен облыс әкімдіктері)

- 1 резервист Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі (ШҚО әкімдігі)

- 1 резервист координациялық штаб кеңесінің мүшесі (Қостанай облысы әкімді).

Президент кадр резерві құрамындағы Бекжан Әлімкұлов қазіргі кезде ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша аумақтық департаментіне жетекшілік етіп отыр.

Ол кадр резерві жайында өз пікірін бөліскен еді.

«Менің ойымша, резерв елдің тағдырына араласуға ниетті белсенді жастар үшін өте пайдалы әлеуметтік лифт болы тұр. Мен үшін Президенттік жастар кадр резерві жеке өмірімді өзгеріске ұшыратты. Себебі бұған дейін бизнес саласында қызмет етіп, елордада тұрып жаттым. Ал кадр резервіне іріктелгеннен кейін, маған Түркістан облысына баруға және сонда Энергетика министрлігі комитетінің аумақтық департаментін басқару ұсынылды. Яғни бизнестен бірден өңірдегі басшылық қызметті алу мен үшін өте жақсы әлеуметтік лифт болды», - дейді ол.

Осылайша, кейінгі уақытта жастар мен қоғам өкілдері арасынан Президент жаңа кадрларды белсенді түрде тартып жатыр.

Оның арқасында басқарушы буын жоспарлы түрде жаңарып келеді.


Соңғы жаңалықтар