Президент іскерлік белсенділікті ынталандыру қажеттігін айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Салық кодексі және салық саясаты тұтас түсінікті, тұрақты болуы қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы еліміздің негізгі басымдықтары – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, сол арқылы тамыры тереңде жатқан мемлекеттілік дәстүрімізді нығайта түсу екенін атап өтті.

«Осы орайда, мен Парламенттің алдағы жұмысы туралы ойымды ортаға салғым келеді. Ең алдымен, іскерлік белсенділікті ынталандыру қажет. Ол үшін әділ, тұрақты әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру керек. Салық саясатының жаңа моделі ұлттық байлықты тиімді бөлуді, экономикалық белсенділіктің жоғары деңгейі мен экономиканың басым бағыттарын нақты қолдауды қамтамасыз етуге тиіс. Салық кодексі және тұтас салық саясаты түсінікті, тұрақты болуы қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге, фискалдық органдардың бизнеспен қарым-қатынасына қатысты бүкіл процесті толық цифрландыру керектігіне назар аударды.

«Бұл кәсіпкерлердің тіршілігін айтарлықтай дәрежеде жеңілдетуге және бюджет кірісін жүйелі түрде ұлғайтуға септігін тигізеді. Парламентте мемлекеттік бюджетке мол кіріс әкелетін корпоративтік табыс салығы мен қосымша құн салығына қатысты мөлшерлемелерді әртараптандыру мүмкіндігін талқылауға болар еді», - деді Президент.


Соңғы жаңалықтар