Президент: Ішкі нарыққа бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамыту қажет

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ішкі нарыққа бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамытуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бәсекеге қабілетті экономика дегеніміз – әртараптандырылған экономика. Пандемия және қазіргі геосаяси дағдарыс шикізат нарығының тұрақсыз екенін айқын көрсетті. Қазба байлыққа ғана арқа сүйеп, қамсыз отыратын заман келмеске кетті. Жер қойнауынан шыққан қазынаның қосымша құнын барынша арттыру керек. Оны сапалы және сұранысқа ие тауарға айналдыру өте маңызды. Бұған дейінгі индустрияландыру жұмысының барысында шикізаттық емес сала ойдағыдай дамыған жоқ. Азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауардың өзін әлі күнге дейін сырттан сатып алып отырмыз. Инфляцияның өсуіне басты себептің бірі - осы», - деп тоқталды Президент VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясында.

Бұл мәселені шешу жолында Мемелекет басшысы өз әлеуетіміз шегінде ішкі нарыққа бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамытуды тапсырды.

«Еліміздің экономикасы сыртқы саудаға және инвестицияға әрдайым ашық. Қазақстан – Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі. Сондықтан, сыртқы саудамызды еркін түрде дамытуымыз керек. Бірақ, кемінде өз әлеуетіміз жететін нәрселермен өзімізді қамтамасыз етуіміз қажет. Мысалы, шикізат та, мамандар да, кейбір технология да өз елімізде бар. Елдің ішкі сұранысын өтеуге қатысты бір негізгі ұстаным болуға тиіс. Ең алдымен, ішкі нарыққа бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамытуымыз қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар