Президент Іс басқармасының медициналық орталығы жас мамандармен қалай толығып жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Адам өміріне араша түсетін дәрігер атты мамандықты таңдаған әр адамның тарихы қызықты. Сондай жанның бірі – жас маман Эдуард Варушкин, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ана күтімінен басталған жол

Эдуард Варушкин Президент Іс басқармасының Медициналық орталығындағы ауруханада реабилитолог болып жұмыс істейді. Әуелі жалпы тәжірибедегі дәрігер мамандығын бітірген ол кейін реабилитолог ретінде резидентурада білім алады. Бұл жолға түсуіне отбасындағы жағдай әсер етсе керек. Мектеп жасында ол көлік апатына түскен анасын күтіп, тәжірибе жинақтаған.

«Мен реабилитолог ретінде оқыған кезде мектеп кезінде анама көрсеткен қызметтерді теория жүзінде меңгердім. Апаттан кейін анам үйде жатып қалған, жүре алмайтын. Оның күтімін мен атқардым. Массаж жасап, жаттығулар істеттім. Кейін төсек тартып қалған адамдарды емдеген кезде мұның бәрін бала кезімде үйде істегенімді түсіндім. Маған медицинаның ішінде парамедицина ұнайды. Өйткені мұнда дәстүрден тыс емдеу жолдарын қолданамыз», - дейді ол.

Жас маман қазір дене қимылымен байланысты жұмыстардың азаюы кез келген адамның денсаулығына әсерін қалдырып жатқанын айтады.

«Көбіміз компьютердің алдында ұзақ отырамыз. Сондықтан көп жүріп-тұруымыз керек. Қимылы аз адамның ағзасында түрлі өзгерістер пайда болады. «Тіршілік деген – қозғалыс» дейтін сөз текке айтылмаған. Сондықтан біз науқастарға емдік дене жаттығулар ұсынамыз. Ондай жаттығулардан кейін науқастардың қан айналымы жақсарып, зат алмасуы жеделдейді. Массаждың өзінің пайдасы бар. Бірақ емдік жаттығуларды әр науқастың жағдайына қарай тағайындау маңызды», – дейді Эдуард Варушкин.

Оның жұмысын сырттай бақылап отырып, мұндай мамандарға науқаспен тіл табысу ең басты дүние екенін түсіндік.

«Адамның көңілін дер кезінде көтеріп, кейде әзілмен, кейде нақты мысалмен демеп отыру керек. Науқастың езуінде жымиыс пайда болса, тіл табыса бастадық деген сөз. Меніңше, дәрігер адам әзілдей білуі керек. «Сөз – жанның дауасы» дейтін тәмсіл бекер айтылмаған. Медицинаның келешегі физиотерапияда деп ойлаймын. Аппаратпен емдеу саласы жыл сайын дамып келеді», – деді реабилитолог.

«Жатардан 2 сағат бұрын гаджет ұстамаңыз»

Эльвира Талипова осы ауруханада офтальмолог-лазер хирургы болып жұмыс істейді. Қарапайымдап айтсақ, көз дәрігері.

«Лазерлік хирургия саласында жұмыс істеп жүргеніме 10 жыл болды. Осы уақытта 9 мыңнан астам ота жасаған екенбіз. Заманауи жабдықтардың арқасында біздің клиникада маңызды хирургиялық оталар жасалады. Лазерлік операциялар мен уақтылы диагностиканың арқасында біз әртүрлі аурулардың асқынуын тежейміз. Алғашында қорқынышты болды. Жас маманға теория жүзінде меңгерген нәрсені іс жүзінде жасау қиын еді. Біздің мойнымызда үлкен жауапкершілік бар. Өйткені адамның жанары – басты байлығы», –дейді Эльвира Талипова.

Офтальмолог әр сәтті өткен ота өзіне сенім сыйлағанын айтады.

«Дер кезінде дәрігерге жүгінбей көзінің ақауын асқындырып алған адамдар келіп жатады. Оларға лазердің көмегімен ота жасау қиын. Мұндай жағдайда микрохирургияның қызметіне жүгінеміз. Күрделі оталарды солар істейді», - дейді хирург.

Сондай-ақ, ол оқырмандарға көз күтімімен байланысты пайдалы кеңестер берді.

«Қазір өзімізге қажет мәліметтің бәрін смартфонға сақтайтын болдық. Сол смартфонды пайдаланудың режимін сақтау керек. Әрине, біз одан толық бас тарта алмаймыз. Дегенмен, ұйқыдан екі сағат бұрын гаджетті пайдаланбау керек. Ашық ауада серуендеуді әдетке айналдырған жөн. Смартфоннан алатын жаңалықтарды теледидардан да, алыстан отырып көруге болады. Сондай-ақ жылына бір рет офтальмолог дәрігердің тексеруінен өту керек», – дейді Эльвира Талипова.

Жас генетиктің жоспары

Анель Рахимова – жеке геномдық диагностика зертханасының жас маманы. Президент Іс басқармасының Медициналық орталығындағы ауруханада жұмыс істеп жүргеніне 1,5 жыл болыпты.

«Жасым 23-те. Биотехнология деген аз зерттелген ғылым, көбінесе клиникаға негізделген. Біз мұнда зертханалық ізденістер жасаймыз. Яғни, клиника мен ғылымды қатар алып жүреміз. Дәрігер қойған диагнозды не растаймыз, не теріске шығарамыз. Теориялық білім әрдайым керек. Ал кәсіби машық тәжірибемен келеді. Жұмысымыз түрлі бағытты қамтиды», – дейді жас маман.

Анель Рахимова елдегі бас генетик Гүлшара Әбілдинованың тәлімінде жүріп, түрлі анализдерді оқудың тәсілін меңгерген.

«Университетте оқығандарымыздан бөлек шетел әдебиетін қолданамыз. Қазақстанда биотехнология, гендік инженерия аз зерттелген. Біз медицина ғылымдарының докторы Гүлшара Әбілдинованың жетекшілігімен жұмыс істейміз. Жетекшім білетін дүниенің бәрін менің де білгім келеді. Бұл ғылым әлі де тың, тереңдеп зерттейтін мәселесі көп. Сондықтан жыл сайын теориясы жаңарып, тың жаңалықтар ашылып жатады. Пациенттермен сирек ұшырассақ та, талдау сынамалары арқылы кез келген ісіктердің алдын алуға көмектесіп келеміз», - дейді зерттеуші.

Тәуелсіздік жылдарының медицинадағы табысы

Ал Исламбек Мұсабеков мұнда нейрохирург болып жұмыс істейді. Президент Іс басқармасының Медициналық орталығында 2022 жылдың қыркүйегінен бері еңбек етіп жүр. Оған дейін Ұлттық нейрохирургия орталығында кішкене балаларды емдеген.

«Дағдыларды одан әрі жетілдіріп, кәсіби деңгейімді арттыру үшін осы жаққа ауыстым. Адам мамандық таңдауда қателеспеуі керек дейді. Нейрохирургия саласы микрохирургиямен байланысты. Біз адам миына ота жасау үшін микроқұралдармен жұмыс істейміз. Бұл өз алдына бөлек сала. Бүгінгі таңда көптеген жоғары инновациялық оталар микрохирургияға негізделген. Өйткені денені кеспей, тілмей жасалатын оталар пациенттің өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймайды, емдеудің тиімділігін де арттырады. Оған ғылыми еңбектер дәлел» – дейді Исламбек Мұсабеков.

Дәрігермен әңгімеден кейін оның қолынан өткен науқаспен де сөйлесудің сәті түсті.

«Ота сәтті өтті. Сол үшін дәрігерлерге рақмет. Отаға қорқа-қорқа келдім. Қалай болар екен деп уайымдадым. Қайткенмен миға жасалады ғой. Ал қазір күйім жақсы. Дәрігерлер жіберсе, бүгін-ақ үйге оралуға әзірмін. Оңалту да жақсы өтіп жатыр. Маған бұл аурухананың науқасқа кіреберістен ота бөлмесіне дейін жағымды жағдай жасайтыны ұнады. Бәрі сақадай сай, жолға қойылған. Медбикелер мен дәрігерлер науқас өміріне үлкен жауапкершілікпен қарайды екен. Жап-жас дәрігерлерге жанымды сеніп тапсырдым десем де болады. Мұндағы дәрігерлердің деңгейі әлемдік стандартқа жетті деп есептеймін. Яғни, шетелге барудың қажеті жоқ. Тәуелсіздік жылдарында жақсы дәрігерлердің буыны қалыптасып үлгергеніне көзім жетіп отыр» - дейді Мадина Сұлтанова есімді емделуші.

Нейрохирург Исламбек Мұсабеков те оның сөзін қостап, медицина қарыштап дамып жатқанын айтты. Оның пайымынша, жас мамандар алған білімін істе шыңдауға көп көңіл бөлуі керек. Ол қазір бәсекеге қабілетті дәрігер болу үшін ғылыми еңбектерді көбірек оқып, шетелдік тәжірибелерді қалт жібермей қадағалау керектігін айтады. Ағылшын тілін меңгеру де қазіргі дәрігерге ауадай қажет деп есептейді.


Соңғы жаңалықтар