Президент Іс басқармасының қызметтік жатақханасында 538 адам тұрады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Президент Іс басқармасының 1103 қызметкері жұмыс орны бойынша баспана кезегінде тұр, оның ішінде 120 қызметкер жатақхана кезегін күтіп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында Президенттің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев мәлім етті.

«Бүгін ҚР Президенті іс басқармасы Әкімшілік ғимараттар дирекциясының үш жатақханасына барып, ғимараттардың жай-күйімен таныстым. Ұзын-ырғасы 160 пәтер. Бұл қызметтік баспаналар қаланың әр тұсында орналасқан: Қажымұқан Мұңайтпасов, Мағжан Жұмабаев көшелерінде және Бауыржан Момышұлы даңғылында. Әріптестерімізбен бірге ғимараттардың инженерлік коммуникациялық ахуалын көріп, қаншалықты жөндеу қажет екенін шамаладық. Сонымен қатар тұрғындармен де жүздесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдадық. Әсіресе 25 жыл бұрын пайдалануға берілген екі жатақхананың жағдайын жіті талқылауға тура келді. Аталған ғимараттарға кешенді зерттеу жүргізу, оның нәтижесі бойынша қажет болған жағдайда күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу туралы шешім қабылданды. Ал, оған дейін жылдағыдай жамап-жасқала тұрады» деп жазды Telegram парақшасында Президенттің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев.

Оның айтуынша, бұл жатақханалар тек ҚР Президенті іс басқармасына қарасты мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге арналаған.

Мұндай пәтерге қол жеткізу үшін баспанаға мұқтаж қызметкерлер кезекке тұруы тиіс.

Әлеуметтік қолдауға мұқтаж қызметкерлерге кезекке тұру күніне сәйкес басым құқық беріледі. Жалға алушылармен келісімшарт бір жылға жасалады.

Ол ізін ала ұзартылуы мүмкін. Дегенмен бұл үйлерде тұрудың шегі бар. Жалдау ақысының нарықтағы бағамен салыстырғанда арзан екенін ескерсек, бұл - отбасы бюджетінің үнемделуіне айтарлықтай көмек.

Демек, қызметкерлердің жеке үй сатып алу үшін ақша жинауына мүмкіндік туады. Бұл жерде айта кететін бір мәселе, жатақханадағы пәтерлер жекешелендірілмейді.

«Қазіргі уақытта үш жатақханада 538 тұрғын бар. Барлығы да - біздің қызметкерлеріміз бен олардың отбасы. Жақында бірнеше пәтер босады. Себеп-салдары әртүрлі: кейбірі бізбен еңбек келісімшартын тоқтатты, кейбірі жеке үй сатып алды. Айта кету керек, үйлі болған қызметкерлердің көбісі біздің мекемелердің материалдық көмегін пайдаланды. Сонымен бірге аудит жүргізіліп, нәтижесінде кейбір тұрғындар пәтерлерде негізсіз тұрып жатқандығы анықталды. Әлбетте, олар баспананы босатты. Соның арқасында 2008 жылдан бері кезекте тұрған қызметкерлер де жатақханадан енді орын алып отыр. Дәл қазіргі уақытта жаңа тұрғындарды қоныстандыру қарекеті жүріп жатыр. Осылайша жатақханаға 24 отбасы орналасады» деп жазады Айбек Дәдебаев.

Іс басқарушының сөзіне қарағанда, оның басым бөлігі - әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар, арасында 12 отбасы - көпбалалы.

Бұған қоса толық емес отбасылар мен мүгедектігі бар бала асырап отырған отбасылар бар.

Қазіргі уақытта жұмыс орны бойынша баспана кезегінде 1103 қызметкер тұрса, оның ішінде 120 қызметкер жатақхана кезегінде тұр.

Соңғы жаңалықтар