Президент Іс Басқармасының цифрлық трансформациясы қалай жүріп жатыр

None
Фото: t.me/udp_dadebayev
АСТАНА. ҚазАқпарат - Президент Іс Басқармасын цифрландырудың бірыңғай архитектурасы әзірленді. Бұл жоба 2024 жылдың соңына қарай аяқталуға тиіс. Бұл жайында ҚР Президентінің Іс Басқарушысы Айбек Дәдебаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Президенті Іс Басқармасының цифрлық трансформациясы туралы айтудың сәті түсіп тұрған секілді. Бұл шаруа былтыр басталған еді. Оны «ҚР ПІБ жүйесін цифрландырудың бірыңғай архитектурасы» деп атадық. Жоба-жоспар 2024 жылдың соңына қарай аяқталуға тиіс. Осы уақыт аралығында ақпараттық қауіпсіздікті нығайтып, қолданыстағы IT инфрақұрылымды жетілдіріп, жүйеге заманауи ақпараттық және сараптамалық құралдар мен қондырғыларды енгізу көзделген. Биылдың өзінде біздегі инженерлік-техникалық орталықтың IT мамандарын қыруар жұмыс күтіп тұр»,-деп жазды Айбек Дәдебаев Telegram арнасында.

Біріншіден – «Бурабай Даму» туристік нысандарына келушілер үшін банктік карталарға бейімделген төлем жүйесін енгізу қолға алынған.

Екіншіден – Орталық клиникалық аурухана мен «Оқжетпес» шипажайының базасында Бірыңғай медициналық ақпараттық жүйені іске қоссақ, олардың жұмысы айтарлықтай жеңілдейді.

Үшіншіден – «Жағдаяттық-сараптамалық кешен» басқару жобасы бойынша кәсіпорынның және қызметкерлердің бірыңғай цифрлық профилін әзірлеу жоспарда бар.

Бұған қоса ПІБ қарасты тағы 4 ведомстволық мекеме өткен жылы әзірленген Бірыңғай деректер қоры мен Бірыңғай кадрлық жүйені енгізуге тиіс.

«Айта кетерлігі, соңғы жоба – «ноу-хау» және әзірлеушілердің үлкен жетістігі. Бұл жүйе персоналды басқаруға арналған 30 түрлі есеп-қисапты дербес жасай алады, жалақыны есептейді, көрсетілген параметрлер бойынша дербес кадрларды таңдайды, кадрлық резервті қалыптастырады, тіпті мамандарды оқыту жоспарын да дайындайды. Жобаның қыр-сыры туралы ұзақ әңгімелеуге тура келеді. Сондықтан оған кейінірек арнайы тоқтала жатармыз. Сонымен қатар биыл біздегі мекемелердің цифрлық ресурстарды пайдалануына қайта жүйелі талдау жүргізу, жобаларды пысықтау және ҚР ПІБ 2023-2025 жылдарға арналған цифрлық трансформациялау бойынша жол картасын дайындау жоспарланып отыр. Басты мақсат – кәсіпорындардың басқару процестерін жүйелеу, біріздендіру және барынша қолайлы және істі жария түрде жүргізу», - дейді Президент Іс Басқарушысы.


Соңғы жаңалықтар