Президент іс басқармасы спартакиадасы аясында тұңғыш рет қазақ күресінен турнир өтті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында Президент іс басқармасы қызметкерлерінің арасында қазақ күресінен өткен тұңғыш турнир мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарманың түрлі бөлімшелерінен келген 80-ге жуық спортшы боз кілемде бақ сынасты.

Шараның ашылуында сөз сөйлеген Президент іс басқармасы Ұйымдастыру-бақылау және кадрмен жұмыс бөлімінің басшысы Ербол Адаев турнирдің Наурыз мерекесі аясында ұйымдастырылып жатқанын атап өті.

«Бүгін біз салауатты өмір салтын, ұлттық спортымызды насихаттауға арналған керемет іс-шараға жиналып отырмыз. Атан жілікті, балуан білекті азаматтардың боз кілемдегі бәсекесін тамашалаймыз.

Өздеріңіз білесіздер, жыл сайын Президент іс басқармасы жүйесіндегі барлық мекемелердің қатысуымен дәстүрлі спартакиада өтіп жүр. Спорттың алты түрі қамтылған дүбірлі дода биыл қанатын кеңге жайып, қазақша күреспен толығып отыр.

Күрес – біздің халқымыздың қанында бар өнер. Алып күштің иесі Балуан шолақ атамыздың, жауырыны жерге тимеген Қажымұқан бабамыздың ізбасарлары қазір де аз емес», - деді ол.

Президент іс басқармасы Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының басшысы Әлихан Жамсатовтың айтуынша, турнирге Президент іс басқармасына қарасты мекемелердің бәрі үміткер қосқан.

«Жарысқа Президент іс басқармасының жүйесіне кіретін барлық кәсіпорындар қатысып жатыр. Турнирді өткізуге осы басқармаға қарасты Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы жауапты. Жарысқа қатысуға 80 адам ниет білдірді. Турнир екі салмақ санаты бойынша өтеді – 82 келіге дейін және 82 келіден жоғары. Бірінші орын үшін – 150 мың теңге, екінші орын үшін – 100 мың теңге, үшінші орын үшін – 50 мың теңге сыйлық беріледі. Бір санатта екі жеңімпаз болуы мүмкін. Бұл енді төрешілер шешіміне байланысты», - дейді басқарма басшысы.

Турнирге қазақ күресі қауымдастығының кәсіби төрешілері қазылық етті.

«Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қатысушылардың дайындығын да жақсы деп бағалауға болады. Өйткені, бұл үміткерлер кәсіби спортшылар емес. Күрес туралы жалпы түсініктері болғандықтан, түрлі техникалық әрекеттер жасап, тактикалық дайындықтарын паш етіп жатыр.

Қазақ күресі жастар арасында да, ересектер арасында да танымал. Қазір елімізде 260 мыңдай адам осы күрес түрімен айналысады. Бұл – жаман көрсеткіш емес», - деді турнирдің бас төрешісі, қазақ күресі қауымдастығының менеджері Дамир Бекбосынов.

Оның айтуынша, бұл спорт түрін дамытуға спортты жан басына шағып қаржыландыру аясында қаражат бөлінеді.

«Бұл да келешек спорт резервінің қалыптасуына септігін тигізеді. Қазақ күресіне қажетті деңгейде көңіл бөлініп жатқаны үшін мемлекетке ризамыз. Қазақ күресі арқылы жас буынның бойына ұлттық құдылықтарымызды сіңіруге күш сала береміз.

Қазақ күресі «Бірлескен күрес әлемі» деген аты бар үлкен ұйымға кіретінін айту керек. Сол ұйымның туы астында әлем чемпионатын да өткіздік. 35 мемлекеттен балуандар келген біріншілікте біздің спортшылар жақсы нәтиже көрсетті. Ересектермен бірге жастар мен жасөспірімдер де бақ сынасты. Мұнда да жақсы нәтиже бар», - деді ол.

Үш сағаттан астам уақытқа созылған тартысты турнирдің қорытындысы мынандай:

82 келіге дейінгі салмақ дәрежесі:

3-орын – Аманғали Бодаухан (Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы);

2-орын – Райымбек Жұпмағамбетов (Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы);

1-орын – Дастан Елеухан (Президент әкімшілігінің әкімшілік ғимараттар дирекциясы).

82 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша:

3-орын – Аман Түгелбай (Президент әкімшілігінің әкімшілік ғимараттар дирекциясы);

2-орын – Нұрболат Құлманов (ҚР Президенті телерадиокешені);

1-орын – Бақтияр Серікбай (МТҚБ әкімшілік ғимараттар дирекциясы).

Соңғы жаңалықтар