Президент ірі мұнай-газ жобалары бойынша уағдаластықтардың уақтылы іске асырылуына назар аударды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесіне мүше мұнай-газ компаниялары басшыларының жұмыс кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев ірі мұнай-газ жобалары бойынша жасалған уағдаластықтардың уақтылы іске асырылуына назар аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Президент Үкімет пен инвесторлардың түсіністікке келгенін, енді осы келісімдерді толықтай жүзеге асыруды қамтамасыз етудің және жедел шешім қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.

– Пандемияға қарамастан Теңіз кенішін кеңейту жобасы кестеге сәйкес іске асып жатыр. Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасы бойынша түпкілікті инвестициялық шешімнің қабылдануы – жүйелі жұмыстың тағы бір мысалы. Қазіргі уақытта біз Қашағанды дамытудың ауқымды жоспарының қабылдануын күтіп отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын барысында еліміздің мұнай-газ секторын дамыту және оның инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселелері қарастырылды.

Онлайн форматтағы кездесуге Royal Dutch Shell plc концернінің бас атқарушы директоры Бен ван Бёрден, Chevron корпорациясының өндіру мәселелері жөніндегі вице-президенті Джеймс Джонсон, CNPC корпорациясының вице-президенті Хуан Юн Чжан, Eni S.p.A компаниясының upstream бизнес жөніндегі директоры Гуидо Бруско, ExxonMobil Global Projects компаниясының президенті Нил Даффин, Total E&P компаниясының Каспий және Оңтүстік Еуропа жөніндегі вице-президенті Кристин Хили қатысты.


Соңғы жаңалықтар