Президент ХІХ ғасырда ашылған ең алғашқы шипажай Қапал-Арасанды қайта жаңғыртуды тапсырды

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісудің керемет табиғаты және ерекше ауа райы сауықтыру орындарын дамыту үшін өте қолайлы. Облыс халқымен кездесуде Қасым-Жомарт осындай пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жетісудің керемет табиғаты және ерекше ауа райы сауықтыру орындарын дамыту үшін өте қолайлы. Осы мүмкіндікті өңірдегі медицина орталықтары тиімді қолдануы керек деп ойлаймын. Онда заман талабына сай емдеу және оңалту бағдарламаларын қолға алуға болады. Емдеу-сауықтыру туризмінің болашағы зор. Осы аймақта кезінде «Қапал-Арасан» шипажайы өте танымал болатын. Бұл – сонау ХІХ ғасырда ашылған Қазақстандағы алғашқы емдеу-сауықтыру орны. Осы шипажайды қайта жаңғырту мәселесін қарастырған жөн. Ұлт саулығын жақсарту үшін балалар спортын және бұқаралық спортты насихаттауымыз керек. Елімізде «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Онда 2025 жылға қарай дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтардың үлесін 50 пайызға дейін жеткізу міндеті қойылған. Қазір Жетісу облысында бұл көрсеткіш – 34 пайыз. Көздеген мақсатқа жету үшін спорт инфрақұрылымын дамыту қажет. Мұны, әсіресе, ауылдық жерлерде қолға алған жөн», - деп атап өтті Президент.

Оның айтуынша, Қазақстанда көрікті жерлер өте көп. Осыны ұтымды қолдануымыз керек.

«Жетісу облысының әкімдігі туризмді дамытуға айрықша мән беруі қажет. Әсіресе, Алакөл мен Балқаштың орасан зор әлеуеті бар. «Алтынемел» және «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркі – экологиялық туризмді дамыту үшін таптырмайтын жер. Текелідегі әйгілі Шажа және Қора сайлары керемет көріністерге толы. Міне, осының бәрі – тұнып тұрған байлық. Әрине, туристер көптеп келу үшін тиісті инфрақұрылым салып, қолайлы жағдай жасау керек. Бұл – оңай шаруа емес. Соңғы жылдары бұл бағытта біршама жұмыс атқарылды. Бірақ, мұнымен шектелуге болмайды», - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.



Соңғы жаңалықтар