Президент: Халықаралық стандартқа және экологиялық нормаларға сай қоқыс полигонын салу қажет

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Тұрғындардың денсаулығы, тұрмысы қоршаған ортаның жағдайына тікелей байланысты. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысы жұртшылығымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Экология мәселесі. Бұл сала әрқашан өзекті, тіпті, ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек болады. Себебі, тұрғындардың денсаулығы, тұрмысы қоршаған ортаның жағдайына тікелей байланысты. Сондықтан, экологиямен айналысатын арнайы министрлік құру – менің Президент қызметіндегі алғашқы шешімдерімнің бірі болды.

«Бірге – таза Қазақстан» акциясы жүзеге асырылып жатыр. Бұл – барша халқымызды ұйыстырған маңызды бастама. 2020 жылдан бері менің тапсырмам бойынша елімізде екі миллиард ағаш отырғызу шарасы басталды. Жалпы, біз осы бағытта әлі де өте көп жұмыс атқаруымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы х алықаралық стандартқа және экологиялық нормаларға сай келетін қоқыс жинайтын жаңа полигон салуды тапсырды.

«Бұл жұмыс облыс әкімінің жеке бақылауында болуға тиіс. Энергетика министрлігі Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заң жобасын әзірледі. Биылғы сәуір айында бұл жобаны Мәжіліс мақұлдады. Енді оны тезірек қабылдап, таза жерді ауыл шаруашылығы үшін пайдалануға беру керек», - деді Президент.


Соңғы жаңалықтар