Президент еуропалық университеттерді Қазақстанда филиал ашуға шақырды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда 2025 жылға қарай кемінде 100 мың жоғары білікті IT маман даярлау міндеті тұр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» басшыларының екінші кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен жылы еліміз БҰҰ электронды үкіметінің даму индексі бойынша 28-орын алды. Бұл жақсы көрсеткіш. Бізде алдыңғы қатарлы банк экожүйелері пайда болды, қаржы технологиялары нарығы мен электронды коммерция қарқынды өсуде, мемлекеттік басқару жүйесіне цифрлық шешімдерді жан-жақты енгізу жүріп жатыр», - деді Президент «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» басшыларының екінші кездесуінде.

Мемлекет басшысы биылғы наурыз айында Microsoft компаниясының Қазақстанда озық технологияларды тарту орталығына айналатын мультиаймақтық хаб ашатынын атап өтті.

«Біз 2025 жылға қарай кемінде 100 мың жоғары білікті IT маман даярлау міндетін қойдық. Сондықтан еуропалық университеттерді Қазақстанда, оның ішінде Astana Hub технопаркі базасында маңызды өңірлік IT алаңға айналатын филиалдарды ашуға шақырамын. Жалпы, біз цифрландыру саласындағы жұмысымызды кеңейтуді және өңірлік деңгейде өз тәжірибемізді бөлісуді жоспарлап отырмыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар