Президент еуропалық серіктестерді Каспий порттарын дамытуға шақырды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2030 жылға қарай Транскаспий бағыты жыл сайынғы өткізу қабілетін 250-300 мың контейнерге дейін арттырады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» басшыларының екінші кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еуропалық Қайта құру және даму банкінің бағалауынша, 2030 жылға қарай Транскаспий бағыты жыл сайынғы өткізу қабілетін 250-300 мың контейнерге дейін арттырып, әлеуетін кеңейте түседі. Осы көрсеткішке қол жеткізу үшін цифрлық шешімдер енгізу және инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жұмыс жүргізіп келеміз. Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия аумақтары бойынша «осал жерлерді» синхронды жою және Транскаспий бағытын дамыту жөніндегі жол картасына қол қойылды», - деді Мемлекет басшысы.

Президент еуропалық серіктестерді Каспий теңізі порттарын дамытуға, олардың қызметін цифрландыруға, транспорттық кемелерді бірге өндіруге және логистикалық қоймалар құруға белсенді қатысуға шақырды.

«Транскаспий бағыты бойынша жүктердің реверсті транзитін дамыту еуропалық экспорттаушыларға қосымша мүмкіндіктер береді. Одан бөлек, Қазақстан Транскаспий бағытын Трансеуропалық көлік желісімен (TEN-T) және «Global Gateway» мега бастамасымен ұштастыру бойынша еуропалық серіктестермен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Биыл 19 мамырда Еуропалық банк Еуропа мен Орталық Азия арасындағы тұрақты көлік байланыстарына жүргізген зерттеуін ұсынды. Онда Оңтүстік Қазақстан аумағы арқылы өтетін «Орталық Транскаспий желісі» «ең тұрақты нұсқа» ретінде белгіленген», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, «Орталық Транскаспий желісін» едәуір жақсарту үшін инвестицияға жалпы инфрақұрылымдық қажеттілік 18,5 миллиард еуроға бағаланады.

«Осы ауқымды жобаларды ұштастыру үшін Орталық Азия мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы көліктік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясын әзірлеу ұсынылады», - деді Президент.


Соңғы жаңалықтар