Президент: Еуразиялық интеграцияның тиімділігі «төрт еркіндік» қағидатын сақтауға тікелей байланысты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Бішкектегі отырысында қазақстандық жүктердің ЕАЭО аясындағы тасымалын шектейтін жайттар бар екенін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің интеграциялық серіктестігіміздің тиімділігі «төрт еркіндік» қағидатын сақтауға тікелей байланысты. Солардың бірі – тауар өткізу еркіндігі. Біздің ортақ кедендік аумағымыз арқылы транзитпен өтетін қазақстандық және қазақстандық емес жүктердің де тасымалы шектеудің, квоталау мен кешіктірудің бүкіл фактілерін жою қажет деп санаймын.

Мұндай шектеулер Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі экономикалық ынтымақтастықтың мақсаты мен рухына сәйкес келмейді. Ең бастысы, олар біздің экономикалық интеграциямыздың әлеуетін іске асыруды шектейді», - деді Мемлекет басшысы Бішкекте өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында.

Сондай-ақ, Президент тасымалдауды қадағалау үшін жүк қозғалысын қадағалайтын пломба қолдану туралы келісімнің күшіне енуін жеделдету қажет деп есептейді.

«Мұндай шара цифрландырудың интеграциялық процестерге оң ықпалына жақсы үлгі болар еді. Бұл келісімді жедел ратификациялап, келісім аясында мемлекеттік бақылау шараларын қысқарту экономикалық одақтың көлік-транзиттік, кәсіпкерлік әлеуетін айтарлықтай кеңейтеді деп топшылаймын.

Келісімді жедел ратификациялау аталған мәселелерді шешуге ықпал етеді деп ойлаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің отырысына қатысу үшін Бішкек қаласына жұмыс сапарымен барғаны хабарланған еді.


Фото: t.me/bort_01


Соңғы жаңалықтар