Президент ең төменгі күнкөріс шегін халықтың нақты шығыстарына сәйкестендіруді жүктеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын өзінің биылғы Жолдауында ең төменгі күнкөріс шегін қайта қарауды, оны қазақстандықтардың нақты тұтынушылық шығыстарына сәйкестендіруді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Менің тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттырылады.

Бұдан бөлек, базалық зейнетақы тағайындау 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылады. Оның көлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді.

Осы өсімнің барлығы 2018 жылы базалық зейнетақының жаңа мөлшерін 2017 жылмен салыстырғанда 1,8 есе арттыруға мүмкіндік береді», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы атап өткендей, елімізде жыл сайын 400 мыңға жуық бала дүниеге келеді, бұл - 1999 жылғы деңгейден 2 есе дерлік жоғары және мұндай жақсы үрдісті алдағы уақытта да сақтау керек.

«Менің тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20%-ға өсіріледі.

Ең төменгі күнкөріс шегін де қайта қарастыру керек. Ол қазақстандықтардың нақты тұтынушылық шығыстарына сәйкес келуге тиіс. Бұл қадам 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы, мүгедектерге және асыраушысынан айрылған отбасыларға арналған жәрдемақы, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға берілетін атаулы көмек пен жәрдемақы көлемін 3 миллион адам үшін өсіруге мүмкіндік береді», - деді Н.Назарбаев.

Жолдауда жүктелген тапсырмаға сәйкес, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету шегі ең төменгі күнкөріс шегінің 40%-ынан 50%-ға дейін арттырылып, оның жаңа форматы енгізілетін болады. Бұл ретте жұмыс істеуге қабілетті адамның бәрі тек жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу шарты арқылы ғана қолдауға ие болуға тиіс.

 

Соңғы жаңалықтар