Президент елдегі туризм мәселесін көтерді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Үкімет пен Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тағы бір маңызды мәселе – Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ, сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, кәсіпкерлер туризмнің болашағы зор екенін көруі керек.

«Сол үшін қажетті жағдайды жасаған жөн. Осы салаға салынған жеке инвестицияның көлемі, іштен және сырттан келген туристердің саны неғұрлым көп болса, жұмыстың нәтижесі де соғұрлым тиімді болмақ», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, елордада VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясы ашылды.

Парламент палаталарының бірлескен отырысы республикалық телеарналарда және әлеуметтік желілерде тікелей эфирден көрсетіліп жатыр. Жиынға жаңадан сайланған депутаттар, мемлекеттік органдардың басшылары, Ұлттық құрылтай мүшелері, қоғам қайраткерлері қатысуда.


Соңғы жаңалықтар