Президент ЕАЭО-ны Үндістан, Египет, Индонезия, Израиль елдерімен байланысты нығайтуға шақырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еуразиялық экономикалық одақ аясында түрлі жеңілдіктер жөнінде келісім жасаған елдермен қарым-қатынастың сапасын жақсартуға күш салатын мезгіл жетті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Бішкектегі отырысында осындай пайым айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екінші мәселе – халықаралық экономикалық әріптестікті дамыту. Одақтың сыртқы сауда мүддесі жыл сайын кеңейіп келеді. Бұл жағымды тенденция және Қазақстан бұл бағытты қолдайды. Енді жеңілдік келісімшарттар бекітілген әріптестер арасындағы өзара әрекеттердің сапасын арттыруға зер салу керек. Әңгіме Вьетнам, Сербия, Иран елдері туралы болып отыр», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан, Египет, Индонезия, Израиль елдерімен арадағы еркін сауда аймағы туралы келісімдер жөніндегі жұмыстарды да жылдамдату керектігіне тоқталды.

«Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен еркін сауда аймағы туралы келіссөздің басталғанын құптайды. Бұл бастаманы айтарлықтай перспективалы және еуразиялық бестіктің бәрінің мүддесіне сай деп есептеймін. Енді осы үдерісті созып алмау маңызды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Бішкекте Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысып жатыр. Одаққа мүше елдердің басшылары қазір шағын құраммен отырыс өткізуде.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің отырысына қатысу үшін Бішкек қаласына жұмыс сапарымен барғаны хабарланған еді.


Соңғы жаңалықтар