Президент Душанбеде өтетін Орталық Азия елдері басшыларының саммитіне қатысады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен бірлескен мәлімдемесінде Душанбеде өтетін Орталық Азия елдері басшыларының саммитіне қатысатынын растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келіссөз аясында өзекті өңірлік және жаһандық проблематикаға қатысты жемісті пікір алмасу өрбіді. Халықаралық аренадағы ұстанымдарымыздың жақындығы, көпжақты алаңдарда ортақ мүдделерді ілгерілетуге дайын екеніміз айтылды. Біз Орталық Азия өңірінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне жеке тоқталдық. Осы тұрғыда Ауғанстандағы қазіргі жағдайды талқыладық», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияның тұрақты дамуы осы аймақтағы барлық бауырлас халықтардың мүдделеріне сай екенін атап өтті.

«Осы тұрғыда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері форматындағы тығыз өзара іс-қимылды әрі қарай жалғастыруға келістік. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Душанбеде өтетін аймақ елдері көшбасшыларының саммитіне қатысатынымды растап, Тәжікстанның құрметті Президентіне осы шақыруы үшін алғыс білдіргім келеді», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды елорда әуежайында қарсы алған болатын.

Бүгін Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен Ақордада өткен кеңейтілген құрамдағы келіссөз кезінде биыл Қазақстан Тәжікстанның негізгі сауда серіктесіне айналуы мүмкін екенін айтты.


Соңғы жаңалықтар