Президент БҰҰ Өңірлік орталығын құруды ұсынды

Фото: Photo: REUTERS/Denis Balibouse
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан жаһандық және өңірлік серіктестерімен достық қатынасты ұстануға бар күш-жігерін салады. Бұл туралы Астана халықаралық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің еліміз барлық уақытта бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайту жолында бар күшін салады. Біз ядролық қарусыздануды қолдаймыз және ядролық қаруды таратпау туралы келісімді ұстанамыз. Біздің еліміз Сирия дағдарысын шешу үшін Астана бейбіт үдерісіне бастамашы болды. Елордамыз әлемдік діндер көшбасшыларының съездерін өткізетін тұрақты орынға айналды. Штаб-пәтері Астанада орналасқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес өңірлік және жаһандық проблемаларды шешудің беделді тетігіне айналды», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысты еңсеруге белсенді қатысып келе жатқандығын баса айтты.

«БҰҰ қамқорлығымен ауған халқына жан-жақты көмек көрсетуді одан әрі арттыру қажеттігін атап өткім келеді. Бұл тұрғыда Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру маңызды. Қазақстан жаһандық және өңірлік серіктестерімен достық қатынасты ұстануға бар күш-жігерін салады. Және де біз Орталық Азиядағы бауырлас елдермен өңірлік ынтымақтастықты арттыруға ниеттіміз», - деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар