Президент Бұқара - Орал газ құбырын Үкіметте қарауды тапсырды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысына бірнеше ұсынысын жеткізді. Алайда Елбасы тек Бұқара - Орал магистральді газ құбырын қарауға тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысына екі күндік жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев индустриалды аймақта болып, өңірдің өндіріс, ауыл шаруашылығындағы атқарылған жұмыстармен танысты. Қазіргі күні «Ақтөбе» индустриалды аймағында 5 жобаның құрылысы жүріп жатыр. Олар: жүк көліктері доңғалығын қайта қалпына келтіру, бояу, жиһаз шығару және көлік-логистика орталығы. Жоба құны - 3 миллиард теңге.null 

«Жылына 870 мың текше метр жүк айналымы жүреді. Мұнда автожол, теміржол бар. Қазақстанның батыс өңірі мен Қостанай, Қызылорда облыстарына да қызмет көрсетеміз», - деді логистика орталығының департамент басшысы Александр Волк.

Бұдан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бірнеше ұсынысын жеткізді. Оның алғашқысы - Ақтөбеде төртінші мұнай өңдеу зауытын салу. Кейін Бұқара-Орал бағытындағы магистралды газ құбырын тарту жобасын ұсынды. Сондай-ақ Орталық-Батыс тасжолын салу, Қазақстан мен Ресей шекарасы үшін «Батыс қақпасы» жобасын іске асыру мәселесін айтты.

«Ақтөбе қаласында ірі өндіріс орындары салынып жатыр. Қазіргі кезде газ құбырындағы көгілдір отын бізге жетпей жатыр. Енді Бұқара-Орал газ құбырының үшінші тармағына құрылыс жұмыстары басталса деген өтініш бар. Энергетика министрлігінен қолдау бар, инвесторлар табылып тұр. Жаңажол кен орнынан газды Ақтөбеге алып келу керек. Ал артық қалған газ қазір ауаға жанып жатыр. Жылына 300 мың текше метр газ жанып, далаға кетеді»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Алайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тек бір жобаны қарап, тиімділігін тексеруді тапсырды.

«Мұнай өңдеу зауытын салу туралы өтініш қаралмайды. Еліміздегі үш зауытқа жөндеу жұмыстары жасалып, Қазақстанды 2035 жылға дейін қамтамасыз етеміз. Шымкенттегі зауыттың ауқымын кеңейтсек, бізге ондай зауыттың қажеті жоқ. Ақтөбе-Атырау тасжолы салынып жатыр. Ауданаралық жолдарды жергілікті бюджеттен де жөндеуге болады. Жолдарды 3-4 тармақты емес, екі бағытта салуға болады. Ал «Батыс қақпасы» жобасы Ақтау қаласында бар, сол жеткілікті.  Бұқара-Орал жобасын Үкіметте қарау керек»,- деді Президент.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Ақтөбеге жұмыс сапарымен келді.«Аяла» балаларды сауықтыру орталағына барып, «Бақытты бала» жобасы аясында іске асырылған жұмыспен танысты.  Сонымен қатар, теннис орталығын қарап шықты.  Елбасы өңірдің экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштерімен танысқан кезде, Ақтөбе облысының дамуына оң баға берді. 

Соңғы жаңалықтар