Президент Босния және Герцеговина Президиумының Төрағасы Желька Цвияновичпен кездесті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Босния және Герцеговина Президиумының Төрағасы Желька Цвияновичпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Желька Цвияновичке ілтипат білдіре отырып, Астана халықаралық форумының жұмысына белсенді қатысқаны үшін алғыс айтты.

Президент бұл сапар екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға және ауқымды мәселелер бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты іске асыру үшін жақсы мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы Босния және Герцеговинаны Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Балқан аймағындағы перспективті сауда-экономикалық серіктес ретінде қарастыратынын айтты.

Желька Цвиянович қонақжайлық көрсетіп, жылы қабылдағаны, сондай-ақ Астана халықаралық форумына шақырғаны үшін алғыс айтты.

Бұдан бөлек, ол аталған форумды өткізудің маңызын атап өтіп, оның аясында халықаралық ынтымақтастық пен жаһандық экономиканың қазіргі жағдайына қатысты жаңа бастамалар айтылғанын жеткізді.

Тараптар сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Өзара сенімге негізделген келіссөздер сындарлы және мазмұнды сипатта өтті.

Келіссөз нәтижесінде екіжақты ынтымақтастықты жандандыру бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.


Соңғы жаңалықтар