Президент: Біз үшін негізгі басым бағыт – халықтың әл-ауқатын арттыру

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Біз үшін негізгі басым бағыт – халықтың әл-ауқатын арттыру. Бұл басымдық ешқашан өзгермейді. Кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі халықтық коалиция форумында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз экономиканы сапалы дамытып, азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру мәселелерімен айналыстық. Шағын және орта бизнеске қолайлы жағдайлар жасалып жатыр және бұл жұмыс жалғасады. Ауыл шаруашылығының әлеуетін күшейту үшін жүйелі шаралар қабылданып жатыр.

Біз үшін негізгі басым бағыт – халықтың әл-ауқатын арттыру. Бұл басымдық ешқашан өзгермейді. Менің тапсырмам бойынша дәрігерлер мен педагогтердің, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы ұлғайтылды. Зейнетақылардың, стипендиялар мен жәрдемақылардың тұрақты өсуі қамтамасыз етілді. Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын алу есебінен бір жарым миллионнан астам отандасымыз тұрғын үй жағдайын жақсартып, емделе алды», - деді Президент.

Мемлекет басшысы қаңтар айында мұқтаж жандарға нақты көмек көрсетумен айналысатын «Қазақстан халқына» қоры құрылғанын еске салды.

«Конституцияға жер мен оның қойнауы халыққа тиесілі деген норма енгізілді. Бұл әдемі ұран ғана емес. «Ұлттық қор – балаларға!» бағдарламасы Ата Заңға енгізілген түзетудің іске аса бастағанын көрсетіп тұр. Бұрын-соңды болмаған бұл шара ұлттық байлықты әділ бөлуге бағытталған», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар