Президент: Бес әлеуметтік бастамаға бөлінген әрбір тиын діттеген жерге жетуі тиіс

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға бағытталған қаражаттың әрбір тиыны тиісті жеріне жетуі керектігін, бұл бағытта қоғамдық бақылау дұрыс жүргізілуі керектігін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында сенатор Бақытжан Жұмағұлов Бес әлеуметтік бастаманы іске асыруда қоғамдық бақылау қолға алынғанын айтты. Айта кетерлігі, «Нұр Отан» партиясының мұрындық болуымен Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы болып Бақытжан Жұмағұлов тағайындалған болатын.

«Еліміз үшін ерекше маңызы бар, халықтың кемел келешекке деген сенімін нығайтқан Бес әлеуметтік бастамаңыз елде үлкен үмітпен қабылданып, қолдау тауып жатыр. Осы игі істі бақылауды «Нұр Отан» партиясына тапсырдыңыз. Бұл әрбір нұротандыққа деген үлкен жауапкершілік пен сенім деп білеміз. Осыған орай, қоғамдық кеңес құрылып, өз жұмысын бастады. Бізге жүктелген мақсат-міндеттер айқын әрі анық. Ең бастысы міндетіміз - бастамаларды тиімді жүзеге асыру үшін партияның және қоғамның белсенді күштерін жұмылдырып, мемлекеттік органдарға жан-жақты көмек көрсету. Сондықтан, Қоғамдық кеңеске ауқымды міндеттер жүктеліп отыр», - деді Бақытжан Жұмағұлов.

Атап айтқанда, біріншіден - Бес әлеуметтік бастаманың жүзеге асуына қоғамдық мониторинг және бақылау жасау, үйлестіру. Екіншіден - әлеуметтік бастамалардың жүзеге асырылуы туралы ақпаратты халыққа дер кезінде жеткізу. Үшіншіден - бастамаларды жүзеге асыру кезіндегі мәселелерді анықтау және оларды шешу жөнінде ұсыныстар даярлап, мемлекеттік органдарға олардың сапалы орындалуына атсалысу.

«Үкімет бекіткен Жол картасы біздің осы бағыттағы жұмыстарымыздың негізі болып табылды. Бес бағыт бойынша кеңестің жұмыс топтары және өңірлік кеңестер құрылды. Мемлекеттік органдар мен жетекші саяси партиялармен, ҚХА, Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен, Кәсіпкерлік федерациясымен, ҮЕҰ-лармен бірлесе жұмыс істеудің тұрақты механизмі қарастырылды. Сенат пен Мәжілістің депуаттық корпусы бастамаларды тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ететін заңнамалардың дайындалуына және қабылдануына жүйелі қолдау көрсетіп келеді. Кеңестің 4 мамыр күні өткен алғашқы отырысында және одан кейін де жұмыс топтары бойынша кеңінен талқыланды. Оған барлық жауапты министрліктер мен Ұлттық банк өкілдері белсене қатысты», - деді ол.

Қоғамдық кеңес төрағасының сөзін тыңдаған Президент бақылауды нақты түрде жүзеге асыру керектігін атап өтті.

«Қаржылық бақылау да жүргізілуі тиіс. Мен Наталья Николаевна Годуноваға (Есеп комитетінің төрайымы - авт.) тапсырдым. Бақылау үшін бірлесе жұмыс атқаруы керек. Әрбір тиын тиісті жеріне жетуі керек. Біз 2008 жылғы дағдарыс кезінде дәл осылай жұмыс істегенбіз. Қазір де солай жұмыс атқару керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар