Президент белгілі айтыскер ақын Ханша Раисованың жақын туыстарына көңіл айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі айтыскер ақын Ханша Раисованың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлиге сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті мәдениет қайраткері, республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін жүлдегері, Алматы облысының құрметті азаматы Ханша Мұсабайқызы Раисованың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Ханша Мұсабайқызы 1980-1990 жылдары айтыс өнері қайта жанданған тұста жарқ етіп көрінген ақындардың бірі еді. Ол мәдени құндылықтарымызды және рухани қазынамызды дәріптеп, ел ішіндегі және халықаралық жыр сайыстарында жүлделі орындарды жеңіп алды. Ел-жұрттың айрықша құрметі мен ықыласына бөленді. ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты атанды. Жас өнерпаздарды сөз зергері болуға баулып, Жетісу өңірінде ақындар мектебін қалыптастыруға атсалысты.

Қазақтың айтыс атты әдеби мұрасын өркендетуге мол үлес қосқан Ханша Мұсабайқызының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Халқымыз белгілі ақынның есімін әрдайым ардақ тұтады», – деп жазылған Президенттің жеделхатында.

Еске сала кетсек, бүгін республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін жүлдегері, Алматы облысының құрметті азаматы Ханша Раисова дүниеден өткен хабарланған еді.

Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты, ақындар мектебінің ұстазы Ханша Мұсабайқызы 1956 жылы 5 қазанда Алматы облысы Қапал ауданы Қоңыр ауылында дүниеге келген. 1989 жылдан бастап әртүрлі деңгейдегі жыр сайыстарына қатыса бастады. «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдастырған республикалық айтыста бас жүлде (1990), Абайдың 150 жылдығына арналған халықаралық айтыста ІІІ орын (1995) иеленген. ҚХР-да, Ресейде, Өзбекстанда, сондай ақ облыс ауқымында өткен айтыстарда бірнеше рет арнаулы жүлдеге ие болды.

Соңғы жаңалықтар