Президент: Бағындыратын белестеріміз алда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қасіретті қаңтар» кезіндегі зор сынақты тұтас ел болып еңсердік. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке кандидатурасын қолдау жөніндегі халықтық коалицияның форумында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен еліміздің саяси, әлеуметтік, құқықтық, және басқа да маңызды жүйелерін түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жүргіздім. Бұл реформалар халықтың тұрмысын түзеуге, әр адамның құқығын толық қорғауға, демократиялық үдерістерді жедел жүргізуге бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, барлығы тек халық үшін жасалып жатыр. Сондай-ақ, мемлекеттілігімізді нығайтуға арналды. Жалпы, көп жұмыс атқарылды деп айтуға болады. Бірақ, бұл – күрделі жолдың басы ғана. Сондықтан, біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа алып, әділ қоғам құруға кірістік. Саяси реформаның төрт топтамасын жүзеге асырдық», - деді Мемлекет басшысы.

Президент билік пен қоғамның диалогін нығайту үшін ата дәстүрімен Ұлттық құрылтай шақырылғанын, оның жұмысына түрлі сала өкілдері белсене қатысқанын атап өтті.

«Әлемді жайлаған коронавирус індетіне бірге қарсы тұрдық. «Қасіретті қаңтар» кезіндегі зор сынақты тұтас ел болып еңсердік. Биыл Конституцияға өте маңызды өзгерістер енгіздік. Еліміз үшін жарқын келешекке жол аштық. Яғни, қысқа уақытта орасан зор жұмысты бірге атқардық деп сеніммен айтуға болады. Бірақ, әлі де ауқымды жұмыс атқаруымыз керек, бағындыратын белестеріміз алда. Қандай қиын болса да, бәріміз бірге оны міндетті түрде абыроймен атқарамыз. Ортақ мақсатқа жетеміз!» - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар