Президент ауысқан тарихи сәт: Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беру рәсімі қалай өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Не болар екен?» деген әрқилы ойлар, тіпті алаңы айқын зілмауыр толғаныс, ойға шомған көңіл мен аздаған күйбелең... Бұның бәрін бүгін Парламент қабырғасындағы әркімнің көзінен көруге болатын еді. Себеп те салмақты - Тәуелсіз ел болғалы Қазақстанның Президенті тұңғыш рет ауысып жатыр.

Күтпеген мәлімдеме мен күпті көңілдер

Президенттің кешегі мәлімдемесін, шынында да, ешкімнің күтпегені аңғарылады. Тілшілер қауымы диктофоны мен микрофонын іле жөнеліп, депутаттар мен министрлерге жақындаса - кімнің де болсын қобалжып тұрғаны айқын көрінеді. Депутаттар мен министрлердің бірі басын ала қашса, екіншісі шама-шарқынша пікірін білдіріп жатыр.

«Қандай батыр болсам да, маған ауырлау тиген секілді. Үйіме келсем, келінім мен жұбайым жылап отыр. Не болды десем - көрген жоқсыз ба дейді. Үйге шамамен сағат 19:10 кезінде кешігіп келіп едім. ...Жастарды көтеру кімнің парызы - біздің парызымыз. Жастарға жол бермей кімге береміз? Жастарды жетектедік, тәрбиеледік, «Болашақ» бойынша оқыттық. Құдайға тәубә, кейбірі министр болып жатыр. Болашаққа сенім мол», - дейді «Халық қаһарманы», Мәжіліс депутаты Бақытжан ЕРТАЕВ көтеріңкі көңіл-күймен.
null

Мәлімдемені күтпегенін Ұлттық банк төрағасы Ерболат ДОСАЕВ та мойындап отыр. «Менің ойымша, біздің елде бұл мәлімдемені ешкім күткен жоқ» дейді ол. Жалпы отырыс өтетін залға асығып-аптығып келе жатқандардың ішінде Бекболат ТІЛЕУХАН да бар еді. Президенттің мәлімдемесінен кейін мәжілісмен қобалжығанын жасырмады.

null
«Нұрсұлтан Назарбаев нұрлы жолын салды. Енді сол нұрлы жолдан таймасақ, Алаш өзінің бағын табады. Ең бастысы, ел аман болсын. Қобалжыдым. Қимастық сезім бар», - деп қайырды ол.

Ел ішіндегі елеулі оқиғалардан кейін теңге бағамының құбылуы да көпті алаңдатқаны белгілі. Міне, сол себепті, залда тілшілердің көбі Ұлттық банктің төрағасы Ерболат ДОСАЕВТЫ күткен еді. Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтетін залға дейінгі аралықта тілшілер «тіктеген қабырғадан» шенділердің біразы жауап бермей бұзып-жарып өтсе де, Ерболат Досаев олай еткен жоқ. Журналистердің басты сауалына дайын келген секілді.

«Бұл осындай маңызды жаңалыққа қарай орын алатын нарықтың қалыпты реакциясы. Валюта айырбастау орындарының бір бөлігі ақшаларын ұстап тұрды да, екінші бір бөлігі жаңа бағамды күткен еді. Сол себепті, ақша айырбастау пункттері мен екінші деңгейлі банктермен тиісті жұмысты жүргіздік. Таңертең күткеніміз - айтарлықтай төмендеді (доллар бағамы - авт.) Бүгін барлық екінші деңгейлі банктер қажетті қолма-қол валюта көлемімен қамтамасыз етілді. Бізде сонымен бірге Ұлттық банктің өз қоры бар. Таңертеңгі сауда өтті. Жалпы, теңге бағамы шамамен көтерілді», - дейді Ұлттық банк төрағасы.

Бұдан кейін журналистердің назары «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат ПЕРУАШЕВКЕ ауысты.

«Қазақстан мен Назарбаев қазір синоним болып кеткен. Мен және менің достарым Қазақстанды Назарбаевтан бөліп қарастыра алмаймыз. Екінші жағынан, әлбетте Президенттің Қазақстанның мемлекеттілігіне, нарықтық экономикасына өлшеусіз үлес қосты. Есептей беріңіз, 1991 жылы тәуелсіздік туралы декларация, ал арада жарты жыл өткенде бұрынғы КСРО аумағында бірінші рет жеке кәсіпкерлікті қорғау заңы қабылданады. Міне, сол себепті, Нұрсұлтан Назарбаев - Қазақстан мемлекеттілігінің ғана емес, елдегі нарықтық экономиканың негізін қалаушы», - дейді Азат Перуашев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент өкілеттігін атқаруға кірісті!

Сағат он екіде ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы басталып кетті. Алдымен Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика Президенті өкілеттігін уақытша атқаруға кірісуіне арналған шараның ашық екендігін жария етті. Осыдан кейін бірлескен отырыс өтіп жатқан залға Құрметті қарауыл еліміздің туын, Конституциясын әкелді. Келесі кезекте еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша депутаттардың қошеметімен залға кіріп, жоғары орынға отырды. ...Шапалақ ұзаққа созылды.
null

null

Бірлескен отырысқа Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Үкімет мүшелері, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Қазақстанда тіркелген шетелдік миссиялардың басшылары, Сенат депутаттары, Мәжіліс депутаттары қатысқан еді.
null

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Қайрат Мәмиге сөз берді. Қайрат Мәми атап өткендей, Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің конституциялық құқығын және де тарихи миссиясын толықтай іске асырып, Қазақстан Президенті өкілеттігін өз еркімен тоқтатып отыр. Мұндай жағдайда ҚР Конституциясының 48-бабы 1 тармағына сәйкес, ҚР Президентінің өкілеттігі қалған мерзімге Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа көшеді. ҚР Конституциясының 42-бабына сәйкес ҚР Президенті Қазақстан халқына ант берген сәттен бастап қызметіне кіріседі.

Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев оң қолын еліміздің Ата заңына қойып тұрып: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін», - деді.

Ант қабылданды.
null

null null

Келесі кезекте Мәжіліс төрағасы ҚР Орталық Сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевқа сөз берді.

«ҚР Конституциясының 48-бабына сәйкес, Сізге Президент куәлігін, кеудеге тағатын белгісін және байрағын, «Алтын қыран» орденін тапсыруға рұқсат етіңіз», - деген Б.Имашев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Президент куәлігін, кеудеге тағатын төс белгісін және байрағын, «Алтын қыран» орденін тапсырды.
null

Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент өкілеттігін атқаруға кірісті.

Елбасының есімін ел жадында қалдырсақ

Осыдан кейін сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің дамуына қосқан ерекше үлесін атап өтті. Тоқаев өз сөзінде атап өткендей, Елбасы аса күрделі геосаяси жағдайда жаңа мемлекеттің іргесін қалап, көшін бастады. Көптеген теріс болжамдарға қарамастан мемлекетті барша әлем мойындаған, табыстарға жеткізді. Дүниежүзі картасында қарқынды дау, демократия, келісім мен бейбіт өмірдің шынайы символына айналған мемлекет пайда болды.

«Елбасы Қазақстанның тарихында тұңғыш рет жаңа мемлекеттік институттардың негізін салды. Олардың қатарында Президенттік институтты, қос палаталы Парламент, Мемлекеттік қызмет, Қарулы күштер, дипломатиялық қызмет, сондай-ақ азаматтық қоғам институттары бар. 1995 жылы Ата заңымыз қабылданды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
null

Мемлекеттіліктің іргесін бекемдеп, елдік пен бейбітшілікке төр берген Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін ел жадында қалдыру үшін Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше ұсыныс білдірді. Оның айтуынша, біздің астана Президентіміздің есімімен «Нұрсұлтан» деп аталуы керек. Мұндай ұсыныстарды бұрын, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тұсында да Парламент депуттары айтқан болатын.

«Бұдан бөлек, біздің елордада Тұңғыш Президенттің құрметіне монумент орнатуды ұсынамын. Барлық облыстық қалалардың басты көшелерін - Нұрсұлтан Назарбаев деп атау дұрыс деп есептеймін. Елбасы біздің мемлекеттің ең жоғарғы атақтарына лайықты. «Халық қаһарманы», «Еңбек ері» атағын беруді ұсынамын. Сенаттың бұрынғы төрағасы ретінде Елбасыға құрметті сенатор мәртебесін беру керек деп есептеймін. Тұңғыш Президент түсірілген барлық суреттер мен фотолар жариялы нысандардың, мемлекеттік қызметшілер кабинеттерінің, оқу орындары ғимараттарының міндетті атрибуты ретінде қалады. Сонымен бірге, Елбасының бүкіл өмір жолы Тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысы туралы заңға және өзге де заңнамалық құжаттарға сәйкес қамтамасыз етілетін болады. Елбасының атында барлық қызметтік инфрақұрылымдар қалады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
null

Ұсыныстардың бәріне де жиынға қатысушылардың барлығы бір ауыздан қолдау білдірді. Залда ұзақ уақытқа дейін тоқтамаған шапалақтан осыны ұғуға болар еді. Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беріп, «Алтын жұлдыз» орденімен марапаттады.
null null

«Аса қадірлі Елбасы, жиналған қауым! Менің ҚР Президенті қызметімдегі бірінші шешімім «ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» Конституциялық заңға және «Мемлекеттік наградалар» туралы заңға сәйкес, Тәуелсіз Қазақстанды орнатудағы тарихи үлесі, экономикалық және әлеуметтік және гуманитарлық дамытудағы, қазақстандық қоғамды топтастырудағы аса үздік еңбегі үшін ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа айрықша ерекшелік белгісі «Алтын жұлдыз» орденін тапсыра отырып, «Халық қаһарманы» атағын беремін», - деді Қ.Тоқаев.
null

Осылайша, Президент өкілеттігінің қалған мерзімін Қасым-Жомарт Тоқаев атқаратын болады. Алда - жаңа кезең! Мақала соңында депутат Бақытбек Смағұлдың мына сөзін келтіргіміз келеді.

«...Бұл - қара бастың емес, қаймана қазақтың қамын ойлап жасалған қадам».

Соңғы жаңалықтар