Президент Атырау облысының әкіміне қандай кеңес берді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысы өңдеу секторына баса назар аударуы қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мəселелері жөнінде кеңесте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңдеу секторына баса назар аудару қажет және сол жаққа инвестицияны бағыттаған жөн. Ал облыста 2017 жылы ағымдағы жылмен салыстырар болсақ, мұндай инвестиция көлемі жарты есеге қысқарып кеткен. Сондықтан өңдеу өнеркәсібіне инвесторларды тарту өте қажет. Мұнай-химия кластерін дамыту керек. Мұнай-химия технологиясының құрылысын аяқтап, оның аумағында мен жүргізіп жатқан саясаттың арқасында қазір пропилен, полиэтилен шығаратын өндірістерді іске қосайық деп жатырмыз», - деп атап өтті Елбасы.

Мемлекет басшысы өзінің шетелдік сапарлары барысында инвесторларды еліміздің өңдеу саласына шақыратындығын айтты.

«Мысалы, біз өте көп алюминий шығарамыз. Ол қажет металл. Біздің бокситіміз бар. Оны алюминий ретінде өңдемей сыртқа сататынбыз. Қазір мінекей 250 мың тонна таза алюминий шығаратын болдық. Тағы да 250 мың тонна шығарайық деп жатырмыз. Ол алюминийден неше түрлі заттар шығару үшін ары қарай өңдеу қажет. Біз дүниеде мысты ең көп сататын елміз - 500 мың тонна. Мыстан кабель де, ыдыс та, барлығы да шығады. Соны жасау керек», -деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті Атырау өңірінде полипропилен өндірісін жолға қоюға 2,6 млрд доллар, полиэтиленге 4,6 млрд доллар жұмсалатынын еске салды.

«Біріншісі басталды, екіншісі басталатын болады. Еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытын да жаңғыртуды бітірдік. Сондықтан бұл салада үлкен шаруа жасалды. Ары қарай жүре беру керек. Этанолға Сингапурдан 2 млрд долларға жуық ақша тартып жатырмыз. Фармацевтика зауытына 60 млн доллар, басқа да шаруаларға қаржы тартып, облыста өңдеу саласы көбейген кезде түсетін қаржы да артады, елге де, облысқа да жақсы болады. Сол себепті осыған көңіл бөлу керек. Үкіметпен бірге жұмыс істеулеріңіз керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев облыс басшысы Нұрлан Ноғаевқа қарата.

Елбасы мұнай-газ саласында тауарларды өндіру және қызмет көрсету мүмкіндіктері мол екендігін атап өтті. Мәселен, өткен жылы мұнай-газ секторында 3,3 трлн теңге көлемінде сатып алу ісіндегі қазақстандықтардың үлесі бір ғана трлн болғанын ескертті.

«Бұл не деген сөз? Егерде осы заттарды Қазақстаннан сатып алатын болса, оны жасайтын өндірістердің барлығы жұмыс істейді. Сол жерге біздің азаматтарымыз орналасып, жалақы алады, жағдайларын түзейді. Сондықтан біздің үлкен инвесторларға осы мәселені айтып отыру қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар