Президент Астананың орталығындағы ескі үйлерді бұзуды тапсырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО-2017» көрмесінің дайындық барысына және Астана қаласын дамытуға арналған кеңесте елорда әкімі Әсет Исекешевке қала орталығындағы ескі үйлердің мәселесін шешуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеңес барысында Мемлекет басшысы елорда аумағындағы бірқатар көшелердің бойында қаланың көркін бұзып тұрған нысандар мен жеке тұрғын үйлердің суретін көрсетті.

«Ескі үйлерді сүріп тастау бойынша жұмыстарды жандандыру қажет. Дәл осы жерлерге туристер барып, суретке түсіріп, барша әлемге көрсетеді»,-деп ескертті Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы  көшенің бет келбетін әсемдегенімен, нысандардың артқы жақтарында кемшіліктер бар екенін қадап айтты.

«Жұмыстарды тыңғылықты атқарыңыздар. Қажет болса, арнайы қаржыны бөлу керек. ЭКСПО аясында барлығын тәртіпке келтіру мүмкіндігі бар. Осы жерлерде тұрғын үйлер салынатын болса, құрылысшыларға арзанға түседі. Себебі орталықта коммуникациялар, жылу жүйесі тартылған. Атап айтқанда, қаланың орталық аудандарын ескі үйлерден босату керек»,-деді Н. Назарбаев.

Бұл тұрғыда Президент егер де Парламентте арнайы заңнаманы қабылдау қажет болса, құжатты тездетіп енгізуді тапсырды.

«Өйткені бұл мәселелер елорданың, жалпы елдің мүддесін қамтиды. Ешкім де алып-сатарлықпен айналысып, бұл ескі үйлер есебінен табысқа кенелемін деп ойламауы тиіс», - деп түйіндеді сөзін Елбасы.

Соңғы жаңалықтар