Президент Астана әкіміне су және жылу нысандарының құрылысын тез арада аяқтауды тапсырды

None
Фото: akorda.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың ресми ссайтына сілтеме жасап.

Президентке елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы туралы ақпарат берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа қала тіршілігін қамтамасыз ету жүйесінің нысандары (ССС-3, газ жылу станциялары, ЖЭО-3, т.б.) және мектеп, медициналық орталық, жеңілдетілген қолжетімді тұрғын үй секілді әлеуметтік нысандар құрылысының барысы, сондай-ақ апатты жағдайдағы ескі тұрғын үйлерді сүру, тұрғын үй алаптарын дамыту, үлестік құрылыс нысандарын аяқтау, қалаға газ тарту және абаттандыру жұмыстары жөнінде баяндалды.

Астана әкімі биыл 6,5 мың әлеуметтік пәтер салу жоспарланып отырғанын, сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2 ауысыммен оқитын 90 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 24 мектептің жобасы жасалып жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына инвестиция тарту шаралары туралы мәлімет берілді. Елордаға құйылған инвестиция көлемі бірінші тоқсанда шамамен 200 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20 пайыз көп.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы одан әрі дамыту, сумен және жылумен қамтамасыз ету нысандарының құрылысын тез арада аяқтау, сондай-ақ елорда тұрғындарының өзекті мәселелерін шешу жөнінде бірқатар тапсырма берді.


Соңғы жаңалықтар