Президент архивінде еліміздің 1918 жылдан бергі саяси тарихының құжаттары сақтаулы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 9 маусым – Халықаралық архив күні. 1948 жылы ЮНЕСКО шешімімен Халықаралық архивтер кеңесі құрылған. 2007 жылы қарашада Канаданың Квебек қаласындағы Бас ассамблеяда «9 маусым – Халықаралық архивтер күні» деп ресми түрде бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атаулы күнге орай Президент архивінің қоғаммен байланыс маманы Дайана Тоқбергеновамен әңгімелескен едік.

«Президент архиві Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылғы 14 қаңтардағы Жарлығымен бұрынғы Орталық мемлекеттік қазіргі заман тарихы архивінің негізінде құрылған. Бүгінгі таңда архивте 1014 қор бар, онда 856 мыңнан астам іс қамтылған. Архивте 1918 жылдан бастап еліміздің саяси тарихының құжаттары бар. Сонымен бірге, қоғам қайраткерлерінің жеке тектік құжаттары мен басқару құжаттамасы да жинақталған. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Президент актілерінің түпнұсқалары, халықаралық жиындардағы баяндама мәтіндері, фотосуреттері сақтаулы», - дейді архив қызметкері.

Сондай-ақ Дайана Тоқбергенова елімізде құжаттарды құнттайтын 200-ден аса архив бар екенін айтты.

«Олар 1998 жылғы 22 желтоқсандағы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңға сәйкес жұмыс істейді. Жалпы архивтік деректер адамзаттың саяси тарихы, экономикалық және әлеуметтік дамуының құжаттарын жинайтын негізгі мекеме саналады. Сондықтан Архивтер күні сала мамандарының кәсіби мерекесі ғана емес, жалпы халықтың назарын аудару үшін белгіленген атаулы дата», - деп атап өтті ол.

Айта кетейік, Қазақстанда архившілер күні 2020 жылғы Үкімет қаулысымен 22 желтоқсан деп бекітілген. Ал Ресейде бұл күн 10 наурызда, Белоруссияда 6 желтоқсанда, Қырғызстанда 30 тамызда атап өтіледі. Ал бүгін дүниежүзіне ортақ Халықаралық архивтер күні атап өтілуде.


Соңғы жаңалықтар