Президент алматылықтарды Ботаникалық баққа ұқыпты қарауға шақырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапары барысында Ботаникалық бақты аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы ботаникалық бақты қайта құрудың нәтижелерімен танысты. Нысанды қайта қалпына келтіруді 2018 жылы Ботаника және фитоинтродукция институтының сұрауы бойынша «Б.Өтемұратов қоры» бастаған болатын. Басты мақсат – ботаникалық бақты оның аумағының тұтастығы мен өзіндік ерекшеліктерін сақтай отырып, инфрақұрылымын жаңғыртып, жасыл желек қорын көбейту болатын.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастамаға жоғары баға берді.

«Осы бағытта әкімдік пен Болат Өтемұратов қоры бірлесіп өте үлкен, ең бастысы, маңызды жұмыс атқарды деп ойлаймын. Алматылықтарды осы территорияны сақтап, өз үйін ұқыпты ұстағандай ие болуға шақырамын және Ботаникалық бақ бұрынғы кезеңдердегідей алматылықтардың ең жақсы көретін орындарының бірі болады деген ойдамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Қайырымдылық қорының құрылтайшысы Болат Өтемұратов Мемлекет басшысына жоғары баға бергені үшін алғысын білдірді.

«Бұл жобаны іске асыруға біз тек бақтың жасыл желек қорын сақтап қалып қоймай, сонымен қатар оны көбейту, жаңа коллекциялармен байыту үшін барынша жауапкершілікпен қарадық. Аялап қалпына келтіру және алдыңғы қатарлы технологияларды пайдалану – біз басшылыққа алған негізгі екі принцип. Біз қалаға өзіміздің сыйымыз – жаңғыртылған ботаникалық бақ – алматылықтардың көңілінен шығу үшін бар күшімізді салдық, мүмкін болғанның бәрін істедік. Бұл біздің қалаға деген сыйлығымыз, оны біз риясыз табыстап отырмыз – бақ мемлекеттің меншігінде қалып отыр және ғылыми қызметін жалғастырады», - деді Болат Өтемұратов.

Бұл жұмыстарға 15 млн АҚШ доллары жұмсалды. Жобаны іске асыруға «Верный Капитал» компаниялар тобының үздік басқарушылары қатысты.

Қайта құру тұжырымдамасы мен кеңістікті дамыту жоспары 2018 жылдың жазында қоғамдық тыңдауларда жұртшылыққа ұсынылған болатын. Тыңдауға қатысушылардың ұсыныстары мен тілектерін ескере отырып, 2018 жылы күзде қайта құрудың эскиз жобасы ұсынылды. Төрт рет БАҚ, қоғамдық және экологиялық белсенділердің қатысуымен баспасөз туры өткізілді. Өткен жылы, құрылыс жұмыстары басталардың алдында, жобаның жекелеген құрауыш бөліктерінің қоршаған ортаға әсерін бағалау бойынша бірнеше сатыда қоғамдық тыңдау өткізілді.

Еске сала кетсек, Ботаникалық бақтың қалай өзгергені туралы бұған дейін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар