Президент Ақтөбенің әкіміне өңірді дамыту үшін қандай міндеттер жүктеді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев облыс әкімі Оңдасын Оразалинге 8 тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Ақтөбеге сапары кезінде қаланың 150 жылдық тарихы, Әбілқайыр ханның, Қобыланды мен Есет батырдың, Әйтеке мен Мөңке бидің киелі мекені туралы айтып берді. Әрі Ақтөбе облысы еліміздегі маңызды индустриалды аймақ екенін атап өтті.

«Тоғыз жолдың торабында тұрған өлкенің өндірістік, логистикалық және транзиттік әлеуеті зор. Ақтөбе облысы 100-ден астам мемлекетпен тұрақты сауда-саттық байланыс орнатқан өңір. Бұдан басқа аймақта 100-ге жуық кәсіпорын қосылып, 8 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл жақсы көрсеткіш. Халықтың әл-ауқаты басты назардағы мәселе. Бұл бағытта жергілікті кәсіпкерлердің белсендігін атап өту қажет. Аймақта «Туған жер» бағдарламасы аясында 1400-ден астам жоба іске асырылды. Бұдан бөлек шетелдік инвесторлар өңірдегі әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне атсалысуда. Мұз сарайы, өнер нысандары, теннис орталығы, жедел жәрдем станциясы, офтальмологиялық клиника облыстың даму сапасына оң ықпал еткен жобалар. Ақтөбе облысы ел дамуына айрықша үлес қосып отырған аймақ. Қарқынды дамуға өңірде барлық мүмкіндік бар. Басты мақсат - осы қарқынды жоғалтпай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсуін арттыру», - деді Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев.

Кейін Ақтөбе өңірінде шешілмеген бірқатар мәселеге тоқталды.

«Біріншіден, халықты қолжетімді әрі сапалы баспанамен қамтамасыз ету керек. Бұл бәріне аян тапсырма. Биыл Ақтөбеде 1 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады. 1288 көпбалалы отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Өңірде жеке үй салу дамығанын білеміз. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру керек. Қазір кезекте шамамен 170 мыңнан астам адам тұр. Оның 140 мыңнан астамы Ақтөбе қаласында екен. Ал 65 мыңнан астам адам саяжай аумақтарында тұрып жатыр. Көп жағдайда тұрғындар мемлекеттен көмек күтіп отырмайды, өздері үй салғысы келеді. Тек жер керек. Сондықтан кезең-кезеңімен жер беруді, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырамын. Адамдар мемлекеттен нақты шешімдерді күтеді», - деді Президент.

Екіншіден, тұрғындардың еңбекақысы қажетті мөлшерден төмен. Облыстағы орташа жалақы - 141 мың теңге. Ал республика бойынша 168 мың теңге. Бұдан бөлек бірқатар аудан тұрғындарының табыс көлемінде айтарлықтай айырмашылық бар екен.

«Облыс басшылығы аталған теңсіздікке жол бермей, қажетті шараларды қабылдау міндет. Бұл әрине күрделі мәселе. Оны бір күн, бір апта, бір айда шешу мүмкін емес. Бірақ бәрібір шешімін табу керек. 1 маусымнан бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы өседі. Жеке кәсіпорындар да осы үрдістен тыс қалмауы керек. Олар да қызметкерлерінің жалақысын артырып, жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетуі тиіс. Лайықты жалақы халықтың әл-ауқатына ықпал ететін маңызды фактор. Сондықтан азаматтарымыздың табысын арттыру әрқашан менің басты назарымда болады. Тұрғындардың табыс көлемі облыс әкімдіктерінің жұмыс көрсеткішіне айналады», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті, транзиттік хабты дамыту, сапалы білім, жастар мәселесі, агроөнеркәсіп пен ауылды көркейтуге қатысты бірқатар міндеттер жүктеді.

Соңғы жаңалықтар