Президент Ақтөбедегі жолдар сапасы мен экологиялық ахуалды сынға алды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе жолдарының 50 пайызы нашар екенін айтты. Әрі экологиялық ахуалды жақсарту жобасын дайындауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Президент медицина қызметкерлерімен кездесу өткізген соң өңір жұртшылығымен жүздесті. Жиынға кәсіпкерлер мен жастар, депутаттар, ардагерлер, этно-мәдени бірлестік өкілдері қатысты. Президент облыс әкіміне жолдар сапасы мен жағымсыз иіс, өзендердің ластануы жайын айтып берді.

«Әкімдік Үкіметтің қолдауымен барлық облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды салуды 2025 жылға дейін қалыпқа келтіру тиіс. «Ақтөбе - Атырау» жолын жөндеу басталды. «Ақтөбе - Қандыағаш» жолында қозғалыс көп, сондықтан осы бағытты салуды жеделдету керек. Сонымен қатар, «Ақтөбе - Хромтау», «Қандыағаш - Шалқар - Ырғыз» жолдарын «Нұрлы жол» бағдарламасымен қайта жөндеуді қарастырған жөн. 2025 жылға дейін атқарылатын жұмыс осы», - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ақтөбедегі жағымсыз иісті де сынға алды. Жаз айларында қала халқы тұншығып қалады.

«Мені өңірдегі экологиялық мәселе алаңдатып отыр. Жағымсыз иіс, Елек, Жайық өзендерінің ластануы бар. Кәріз суын тазалау нысандарын салу қажет болуы мүмкін. Үкімет пен әкімдік осы жұмысты бірлесе, ақылдаса шешуі тиіс. Алға ауданындағы қауіпті қалдықтарды да жою қажет. Бұл жұмыстар атқарылмаса, экологиялық ахуал оңалмайды», - деді Президент.

Соңғы жаңалықтар