Президент Әкімшілігі Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі бірыңғай қабылдау өткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық облыста азаматтарды бірыңғай қабылдау күнін өткізді.

Елдегі эпидемиологиялық ахуалдан туындаған шектеулерге байланысты азаматтарды қабылдау бейнебайланыс жүйесі арқылы қашықтан өткізілді. Айта кетерлігі, бөлімнің бастамасымен биылғы шілде айынан бері Бірыңғай қабылдау күндері әр айдың соңғы жұмасында өткізіле бастады.

Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі дайындаған жаңа регламентке сәйкес, өтініш иесіне қабылдау күнінде нақты да дәлелді жауап беру үшін қабылдауға жазылған азаматтар көтеретін сұрақтар міндетті түрде алдын-ала пысықталатын болады. Егер көтерілген сұрақ жергілікті атқарушы органның құзыретіне кірмейтін болса, мәселені бірлесе қарастырып шешу үшін қабылдауға орталық мемлекеттік органдардың, прокуратура мен ішкі істер органының өкілдері шақырылады.

Барынша күрделі мәселелер қарастырылса, оған Президент Көмекшісі де араласады.

28 тамыз күні өткізілген жаңа форматтағы Бірыңғай қабылдау күнінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері мен әкім орынбасарлары 80-нен астам азаматты қабылдады. Президенттің Көмекшісі Тамара Дүйсенова Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында өткен қабылдауларға бейнебайланыс арқылы қатысты.

Өтініш иелері баспанамен қамтамасыз ету, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, елді-мекендерді абаттандыру, материалдық көмек көрсету және басқа да мәселелерді көтерді.

Іс-шара Мемлекет басшысы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша жүктеген міндеттерді іске асыру аясында жергілікті атқарушы органдардың азаматтар өтініштерімен жұмысын жандандыруға бағытталған.


Соңғы жаңалықтар