Президент әкімшілігі мемлекеттік жәрдемақының көлемін атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Әкімшілігі қоғамдық қабылдауының Telegram парақшасы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген әлеуметтік саладағы кейбір өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградаларының лауераттарына, «Батыр ана» атағын алғандарға, І, ІІ-дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға төленетін айсайынғы мемлекеттік жәрдемақының көлемі табысқа қарамастан 16 973 теңгені құрайды. Мүгедек баланы кәмелет жасына толғанға дейін тәрбиелейтін анаға немесе әкеге, асырап алушыға тағайындалатын және төленетін жәрдемақы көлемі 43 657 теңге болады. Дәл осындай мөлшердегі жәрдемақы бала кезінен бірінші топтағы мүгедекті бағып-қағу үшін төленеді.

Сонымен қатар жұмыс істеу қабілетін жоғалтқандарға, асыраушысынан айырылғандарға және жұмыстан шығып қалғандарға әлеуметтік төлем тағайындау барында қолданылатын параметрлер де өзгеріске ұшырап, төлем орташа есеппен 30 пайызға көбейді. Жұмысынан айрылған, бірақ оған дейін 100 мың теңге көлемінде орташа табысы болған және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі 5 жылдан асатын адамдар үшін төлем сомасы 30 мыңнан 41 600 теңгеге дейін ұлғайды.

«4 және одан да көп кәмелетке толмаған баласы немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар отбасыға жаңа мемлекеттік жәрдемақы бөлінеді. Ол отбасының кірісіне қарамастан сараланған мынадай көлемде беріледі: 4 балаға - 42 496 теңге, 5 балаға - 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан да көп балаға 74 388 теңге», - делінген таратылған ақпаратта.

Сонымен қатар 2020 жылдың 1 қаңтарынан студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға өсті. Атап айтқанда, бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы енді - 26 186 теңге, магистранттардікі - 66 913 теңге, докторанттардікі - 102 498 теңге болды.



Соңғы жаңалықтар