Президент әкімдер қабылдаған актілердің күшін жоя алмайтын болады – Мемлекеттік хатшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин конституциялық реформа аясында әкімдерді сайлау және тағайындау тәртібі қалай өзгеретінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыс әкімдерін тағайындаудың жаңа тәсілі енгізіледі. Әкімдерді өңірдегі бүкіл мәслихат депутаттарының келісімі бойынша баламалы негізде тағайындау ұсынылып отыр. Бұл қалай жұмыс істейді? Президент облыс, республикалық маңызы бар қала және елорда әкімінің лауазымына кем дегенде екі үміткер ұсынуға міндетті. Облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттарының бәрі осы үміткерлерден таңдау жасайды. Әкімдікке лайықты кандидат депутаттардың жалпы дауыс беруі нәтижесінде тағайындалады. Яғни, әкімшілік сенім білдірген азамат әкім болады», - деді Мемлекеттік хатшы Youtube арнасында.

Оның сөзіне қарағанда аталған түзетулердің арқасында әкімдердің дербестігі артуы керек.

«Қазір ауыл әкімдерін тұрғындар тікелей сайлайды. Бұл тұрақты үрдіске айналды. Енді аудан және қала әкімдерін сайлауға дайындық жүргізіліп жатыр. Облыс әкімдерін депутаттар дауыс беру арқылы баламалы негізде сайлайтынын бұған дейін айттық. Сондай-ақ, Президенттің аудан, қала, ауыл әкімдерін лауазымынан босату құзыретін Конституциядан алып тастау ұсынылады. Тіпті Президенттің облыс, республикалық маңызы бар қала және елорда әкімдерінің актілерін толығымен немесе ішінара жою, тоқтату құзыретін де алып тастау ұсынылып отыр. Соның нәтижесінде әкімдер барынша дербес жұмыс істейді, тұрғындардың мүддесіне басымдық береді», - деді Ердан Қарин.

Оның айтуынша, Конституциялық кеңестің орнына құрылатын Конституциялық сот қабылдаған шешімге ешкім шағым келтіре алмайтын болады.


Соңғы жаңалықтар