Президент: Әбіш Кекілбайұлы - тәуелсіздігімізді нығайтуға атсалысқан аса көрнекті қайраткер

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел тәуелсіздігін нығайту жолында халық жазушысы, әдебиет алыбы Әбіш Кекілбайұлының еңбегін ерекше атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әбіш Кекілбайұлы – ғұлама жазушы ғана емес, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Елбасының сенімді серігі ретінде тәуелсіз Қазақстанның негізін қалауға қосқан үлесі орасан зор. Еліміздегі жоғары лауазымдарда қызмет істеп, халықтың ықыласына бөленді. Жоғары кеңес төрағасы, мемлекеттік хатшы, сенатор қызметтерін абыроймен атқарды. Заңғар жазушыны Елбасымыз Алаштың әлем алдындағы беткеұстар ірі тұлғаларының бірі деп бағалаған. Әбіш ағамен Парламентте әріптес ретінде етене араласып, ерекше сыйластым. Әбіш Кекілбайұлы - тәуелсіздігімізді қорғауға және нығайтуға атсалысқан аса көрнекті қайраткер», - деді Президент Әбіш Кекілбайұлына қойылған ескерткіштің ашылуында.

Мемлекет басшысының айтуынша, Әбіш Кекілбаевтың шығармалары – ғасырдан ғасырға созылатын рухани құндылық болып қалары сөзсіз.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына келгенін хабарлаған болатынбыз. Сондай-ақ, Президент жазушы ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты.

Салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Маңғыстау өңірінің қадір-қасиетін ерекше айтып өтті.

«Маңғыстау – жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен жер атанғаны баршаға мәлім. Ертеде осы өңірден Еуропа мен таяу шығысқа Ұлы Жібек жолы жалғасқанын білеміз. Бұл өлке Каспий теңізі арқылы елімізді 4 мемлекетпен байланыстырып тұр. Тоғыз жолдың торабындағы облыс қай жағынан алсақ та маңызы зор аймақ. Мәдени жәдігерлері мол, осы өңірді аспан астындағы мұражай деуге болады. Бұл - пір Бекет, Шақпақ ата, Шопан ата бабаларымыз өмір сүрген жер. Маңғыстау - 362 әулиенің мекені «, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ақтау қаласындағы 19А шағынауданда бой көтерген ескерткіштің авторы - мүсінші, суретші Көшер Байғазиев. Ескерткіш қоладан тұрғызылған. Биіктігі – 3,5 метр. Салмағы - 3,5 тонна. Мүсін тұғырының биікті – 2,4 метр. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы мамырда басталған. Құны 48 млн теңге болатын жобаның демеушісі - NCOC компаниясы.

Айта кетейік, биыл әдебиетіміздің алып бәйтерегі Әбіш Кекілбайұлының туғанына 80 жыл толды. Осыған орай, абыздың туып-өскен жері Маңғыстауда мерейтой халықаралық деңгейде тойланбақ. Республиканың түкпір-түкпірінен қаламгердің замандастары, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері - барлығы 100-ге жуық адам арнайы қатысады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар