Президент Абай облысы басшылығының жұмысына жоғары баға берді

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Қасым-Жомарт Тоқаев өткен кезеңде нақты жұмыстар атқарылғанын және оны жалғастыру керек екенін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысы еліміздің мәдени-тарихи орталығы – Семей қаласының инфрақұрылымы оның мәртебесіне сай болуы керектігін тілге тиек етті. Абай облысының әкімі Қазақстан Президентіне берген есебінде қаланың дамуына да жеке тоқталды.

Астанада әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған кеңесте Мемлекет басшысы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың есебін тыңдады. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің әкімшілік орталығы ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

«Семей қаласы еліміздегі әдемі әрі тарихи орталықтардың бірі болып саналады. Шаһардың келбеті лайықты көрінуі үшін оны абаттандыруға ерекше назар аудару қажет. Әрине, инфрақұрылымды да жаңарту керек, сондықтан жұмыс көп», - деді Мемлекет басшысы.

Нұрлан Ұранхаев өз баяндамасында Семей қаласы бюджетінің айтарлықтай ұлғайғанын және қаланың ең өзекті және қордаланған мәселелерін шешу жолдарын атап өтті.

«Семей қаласының тарихи-мәдени және жаңа әкімшілік орталық мәртебесін, сондай-ақ өңір халқының 60 пайызға жуығы қалада тұратынын ескере отырып, облыс орталығының дамуы ерекше бақылауда. Осылайша, биыл Семей қаласының бюджеті 85 млрд теңгеден асты, бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 50 пайызға көп», - деді өңір басшысы.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын қаржыландыру көлемі 1,4 есе, халықты әлеуметтік қорғау 1,5 есе ұлғайтылды.

2023-2024 жылдары Семей қаласын жылумен қамту мәселелерін шешу үшін Өңірді дамытудың кешенді жоспарына жылу көздерін қайта жаңғырту және желілерді жаңғырту бойынша 150 млрд теңгеден астам сомаға 30 жоба енгізілген.

Баяндама соңында Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстардың нәтижесін жоғары бағалап, оны барлық салаларда жалғастыруды тапсырды.

«Қысқа мерзімде көп жұмыс істелді. Мұны мойындау керек. Бірақ алда әлі де жұмыс көп. Шешілмеген мәселелер бар. Сондықтан бұл жұмысты кешенді түрде жүргізу керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар